Сайрам су өзенінен жүкті әйелдің мәйіті табылды

Жарияланды
Сайрам су өзенінен жүкті әйелдің мәйіті табылды/Фото: shutterstock

Түркістан облысы Төле би ауданы Қасқасу ауылы маңындағы Сайрам су өзенінде 27 жастағы әйел суға батып қайтыс болды. Марқұм отбасымен өзен жағасына демалуға барған. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

«Төле би ауданы Қасқасу ауылы маңында Сайрамсу өзенінен 1998 жылы туған әйелдің денесі табылды. Марқұм туыстарымен бірге «Сайрам-Өгем» ұлттық паркіне демалуға барған. Ол белгісіз жағдайла өзенге құлап кеткен», – делінген облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарламасында.

Бейресми ақпаратқа қарағанда, әйел жүктіліктің төртінші айында болған.
Қайғылы оқиға 29 маусым күні болған. Марқұмның денесін құтқарушылар сол күні кешке тапқан.

Биыл Түркістан облысында шомылу маусымы басталғалы 5 адам суға кеткен, олардың екеуі – бала. Ал жыл басынан бері суға батып, қайтыс болғандар саны 39-ға жеткен.

Құтқарушылардың айтуынша, су қауіпсіздігін сақтамайтындар көп. Оларға заң талабына сай айыппұл салынып жатыр. Қазірдің өзінде салынған айыппұл көлемі өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артық.

Сондай-ақ оқыңыз