«Ливерпуль» футболшысы Диогу Жота жол апатынан қайтыс болды

Португалия құрамасы мен Англияның атақты «Ливерпуль» клубының шабуылшысы Диогу Жота жол-көлік апатынан қаза тапты. Бұл туралы испандық беделді Marca басылымы хабарлады.
Қайғылы оқиға Испанияның батысындағы Самора провинциясында орын алған. Футболшының жасы небәрі 28-де еді. Жол апатында оның туған інісі де көз жұмған.
Диогу Жота футбол мансабындағы ең жарқын кезеңін «Ливерпуль» сапында өткізді. Англия Премьер-лигасының чемпионы атанып, ел кубогын және Англия лигасының кубогын жеңіп алды. Португалиялық ойыншы 2020 жылдан бастап «қызылдардың» намысын қорғап келді.
Оған дейін Жота «Вулверхэмптон», Испанияның «Атлетико Мадрид», Португалияның «Порту» және «Пасуш де Феррейра» клубтарында өнер көрсеткен.
Сондай-ақ, Жота бір апта бұрын ғана 22 маусыда отау құрған еді. Артында 3 баласы қалды. Футболшының мезгілсіз қазасы футбол әлеміне ауыр тиді. Жанкүйерлер мен әріптестері әлеуметтік желілерде көңіл айтып, Жотаның жарқын бейнесін еске алуда. Солардың бірі Криштиану Роналду Диогуның отбасына көңіл айтып, жазба қалдырды.