Ұлттық компаниялар пайдаланбаған қаражатты бюджетке қайтарады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media

Ұлттық компаниялар жарғылық капиталын арттыруға бөлінген қаржыны жыл соңына дейін игермесе, бюджетке қайтаруға міндетті. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) хабарлады.

Аудиторлық палата пайдаланылмаған қаражатты бюджетке қайтару механизмі бекітілгенін және ол қолданыстағы Салық кодексіне енгізілгенін жазады.

«Бұл қадам мемлекет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Ұлттық компаниялардың шоттарында «қажетсіз бос жатудың» орнына қаржы бюджетке қайтарылады. Нәтижесінде қаражат анағұрлым маңызды және шұғыл міндеттерге, мысалы, ұзақ мерзімді инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталуы мүмкін»,- делінген ЖАП хабарламасында.

Мұндай тәсіл бюджет қаражатын мақсатсыз немесе тиімсіз пайдалану тәуекелін азайтуға, ашықтық пен есептілікті күшейтуге мүмкіндік бермек.

Қазақстанда 26 ұлттық компания ел экономикасындағы активтердің шамамен 30%-ын иеленіп отыр. Экономикалық талдау институтының жазуынша, бұл – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, «Қазақстан темір жолы», «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп» сынды ірі ұйымдар. Алайда олардың еліміздегі ірі және орта кәсіпорындар қатарындағы үлесі 1%-дан аспайды.

Сондай-ақ оқыңыз