Мұхаммед Салах пен Магги Садектің махаббат хикаясы мен отбасылық өмірі

Мұхаммед Салах пен Магги Садектің берік махаббаты, қарапайымдылығы мен мейірімділігі еуропалықтарды қатты таңырқатып отыр.
Gentside ақпаратына қарағанда, бұл әлемге мәшһүр талантты шабуылшының артында Магги Садек тұр. Ол кең жүректі әйел.
Магги Садекке жұрт неге қызығады?
Мұхаммед Салах Гали Мысырдың Нагриб ауылынан шыққан. Оның футбол әлеміндегі жетістіктерімен қатар, жеке өмірі де көпшілікті қатты қызықтырып отыр. Оның Магги Садекпен некесі, махаббат хикаясы да таңырқатады. Ал Маггидің қарапайымдылығы мен отбасылық өмір салты аңызға айналып келеді.
Салахқа екі қыз сыйлады
Мұхаммед Салах 21 жасында бойдақ өмірімен қош айтысқаны мәлім. Жастық шағында, тіпті бала кезінде танысқан қарапайым қыз – Магги Садекке үйленді. Үйлену тойы Ислам дәстүріне сай, Салахтың туған ауылында өткен. Бүкіл ауыл тұрғындары тойға келген.
Магги Салах 2014 жылы Мекка есімді қызын, ал 2020 жылы Каян есімді екінші қызын дүниеге әкелді.
Партадан басталған махаббат
Мұхаммед пен Магги жасөспірім кезінде мектеп қабырғасында танысыпты. Жұп 2013 жылы шаңырақ көтерген. Танысқан күннен бері ара-қатынасы үзілмеген.
Магги әлеуметтік желілерде белсенді емес. Жеке өмірін көпшілікке көрсетуді қаламайды. Барынша қарапайым өмір сүреді. Оның ата-анасының екеуі де – мұғалім. Олар Салахты да бала күнінен жақсы таниды.
Жүрегі жұмсақ жұп
Магги Садек қазір 30 жаста. Ұдайы қайырымдылықпен айналысады. Туған ауылындағы тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетеді. Тіпті, жас қыздардың үйлену тойын жасауға да қаржылай қолдау көрсетуден тартынған емес. Әлемге танымал футбол жұлдызының жары болса да, үнемі қарапайымдылығынан танбайды.
Отбасы құндылығы
Мұхаммед пен Маггидің басты құндылықтарының бірі – адамдарға көмектесу. Салах өзінің шыққан тегін ұмытпай, туған ауылында мектеп пен спорт орталықтарын салуға үлес қосты. 2017 жылы ата-анасының үйін тонаған ұрыны кешіріп қана қоймай, оған жұмыс тауып беріп, өмірін өзгертуге себепші болды.
Шексіз махаббат
«Әрбір жетістікке жеткен ер адамның артында әйелдің шексіз махаббаты тұрады», – деп Магги туралы айтылған тәрізді.
«Мұхаммед Салахтың әлемдік танымалдылығының артында берік махаббат пен қоғамға деген шынайы жанашырлық жатыр. Кең жүректі жан – Магги Садек, Премьер-лига тарихындағы «Ливерпульдің» үздік сұрмергенінің өмірін толықтыратын, үйлесімді серігіне айналған», – деп түйіндейді басылым.
Зинедин Зиданды пір тұтқан
Салах қарапайым отбасында өскен. Футбол басты ермегі болған. Бала күнінде Зинедин Зиданды пір тұтқан екен. Бүгінде ол – «Ливерпуль» клубында оң қаптал шабуылшысы. Әлемдегі ең үздік ойыншылардың бірі.
Африка тарихындағы ең ұлы футболшылардың бірі болып танылды.
Айта кететін жайт, «Ливерпуль» клубы мерзімінен бұрын Англия чемпионы атанды. Мұхаммед Салах маусымда 29 гол соқты. Төртінші рет Премьер-лиганың үздік сұрмергені атанды.