АҚШ соты USAGM-ды «Азаттық радиосына» маусым қаржысын төлеуге міндеттеді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Азаттық грантының бір бөлігін алатын болды, алайда шешуші сот әлі алда
Фото: ашық дереккөзден

АҚШ-тың Колумбия округінің округтік соты «Азат Еуропа / Азаттық радиосы» (АЕ/АР) корпорациясының кезекті шағымын қанағаттандырып, АҚШ-тың ғаламдық медиа агенттігін (USAGM) маусым айына бөлінген қаржыны дереу аударуға міндеттеді. Бұл жайлы Deutsche Welle жазады.

Бұл – USAGM агенттігіне қарсы қозғалған сот ісі аясында қабылданған төртінші оң шешім. Бұған дейінгі сот шешімі мамыр айының соңында шығып, сол айға тиесілі Конгресс бөлген қаражаттың төленуіне қатысты болған.

RFE/RL корпорациясының бас директоры Стивен Капус бұл сот шешімін «тағы бір маңызды құқықтық жеңіс» деп бағалады.

«75 жыл ішінде RFE/RL маңыздылығы бірнеше рет дәлелденді. Жақында ғана Таяу Шығыстағы дағдарыс кезінде миллиондаған ирандықтар біздің жедел әрі шынайы репортаждарымызға жүгінді. Бұл Тегеранның мемлекеттік үгіт-насихатынан айналып өтудің жолы болды. Біз АҚШ Конгресі жүктеген миссияны орындау үшін USAGM басшылығымен ашық әрі сындарлы диалог жүргізуге дайынбыз», – деді ол.

Илон Маск басқарған DOGE ұйымы Азаттық радиосына демеушілік жасайтын USAID-тың жұмысын сынға алғаннан кейін қаржы мәселесі басталды.

2025 жылғы 15 наурызда USAGM агенттігі Конгресс мақұлдаған қаражатты бөлу туралы шешімін кері қайтарып, АЕ/АР-дың қаржыландыруын тоқтатты. Айдың соңына қарай агенттік бұл шешімінен бас тартқандай болды. Бірақ сол уақыттың ішінде радионың 122 қызметкері жұмыстан шығарылып, фрилансерлермен жасалған келісімшарттардың басым бөлігі тоқтатылған.

Соған қарамастан, билікке тәуелсіз ұйым болып саналатын «Азаттық радиосы» жұмысын тоқтатқан жоқ. 30 сәуірде судья Ройс Ламберт уақытша шешім шығарып, Дональд Трамп әкімшілігін Конгресс бұрын бекіткен қаражаттан АЕ/АР-ға 12 млн доллар бөлуді міндеттеді. 2025 жылғы қазан айына дейін «Радио Азаттық» АҚШ әкімшілігінен тағы 77 млн доллар көлеміндегі қаржыны алуы тиіс.

Мамырда Еуроодақ редакцияға көмек ретінде 5,5 млн еуро бөлетінін хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз