Алматы BYD электробустарын шығаратын орталыққа айналуы мүмкін

Алматы BYD электробустарын шығаратын орталыққа айналуы мүмкін. Бұған «Астана Моторс» коммерциялық техника зауыты база болмақ.
Алматы әкімдігінде қала әкімі Дархан Сатыбалды мен Орталық Азия өңірі бойынша BYD компаниясының басқарушы директоры Айван Цаомен кездесті.
«Кездесудің негізгі тақырыбы Түрксіб ауданында орналасқан «Астана Моторс» коммерциялық техника зауыты базасында BYD электробустары өндірісін жолға қою мәселесі болды», – делінген хабарламада.

Жоба аясында ірі торапты құрастырудан бастап, дәнекерлеу, шанақ бояу және қосалқы бөлшектерді дайындау жұмыстары қолға алады. Яғни, өндірісте жергілікті үлес кезең-кезеңімен артатын болады. Алматы әкімдігі экологиялық таза әрі энергия үнемдейтін көлік түріне басымдық беріп отыр. Бұл – қалалық көлік инфрақұрылымын жаңғыртуда маңызды қадам.

BYD Қазақстанда басты өнімі – B12 маркалы электр автобусы өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл үлгі көлік шассиіне орнатылған Blade аккумуляторлық батареясымен жабдықталған.
Мұндай техникалық шешім автобусқа қосымша беріктік пен қауіпсіздік береді. Сонымен бірге, көлік жүрісінің ұзақтығын арттырады. Қуат тұтынуын едәуір кемітеді. Blade Battery әлемдегі ең қауіпсіз аккумуляторлардың бірі ретінде танылған. Оған 10 жылға дейін кепілдік берілмек.

«Экологиялық таза көлік түрлерін дамыту – Алматының стратегиялық басымдығы. Электробус өндірісінің жергілікті деңгейде іске қосылуы ауаға шығатын зиянды заттарды азайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, қаланың өндірістік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді», — деді Алматы әкімі Дархан Сатыбалды.
Ресми дерек бойынша, бүгінде BYD компаниясы 110 мыңнан астам электр автобусын шығарған. Әлемнің 400-ге жуық қаласында қызмет көрсетіп жатыр. Мұның қатарында АҚШ, Еуропа, Азия, Латын Америкасы мен Африка елдері бар.
Қытайлық өндіруші Орталық Азия аймағына кіруге мүдделік танытып отыр. Әрине, оның ішінде Қазақстан да бар. Бұған қолайлы инвестициялық ахуал мен мен экологиялық бастамаларға деген сұранысы түрткі.