Жағажайды күтіп ұстау кәсіпкерлердің міндеті – Қонаев әкімдігі

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Жағажайды күтіп ұстау кәсіпкерлердің міндеті – Қонаев әкімдігі / фото: Қонаев әкімдігі

Қонаев қаласындағы №6 жағажайда бүгінде 40-қа жуық бизнес нысан жұмыс істеп тұр. Бұл кәсіпкерлер сенімгерлік басқарушы компаниямен келісімшартқа отырып, жалға алынған аумақта қызмет көрсетіп жатыр. Алайда соңғы уақытта тұрғындар мен қала қонақтары жағажайдың санитарлық тазалығы мен қауіпсіздігіне байланысты көптеген шағым білдіріп жатыр. Осыған байланысты қала әкімдігі ресми түсініктеме берді.

Келісімшарттағы негізгі талаптар

Келісімшарттың үшінші тармағында кәсіпкерлердің құқықтары мен міндеттері нақты көрсетілген. Құжат бойынша, жалға алушы кәсіпкерлер жағажай аумағын абаттандырып, санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, күн сайын киім ауыстыратын орындар мен дәретханаларды, жасыл аймақтарды тазалауға, жалға алған аумақты жарықтандыруға міндетті. Сонымен қатар қоқыс жәшіктерін су жиегінен кем дегенде 20 метр қашықтықта орналастырып, әр 60 шаршы метрге бір жәшіктен келетіндей есеппен қоюы тиіс. Қауіпсіздік талаптары да назардан тыс қалмауы керек — ақпараттық баннерлер мен жалаушалар орнатылып, кемінде екі санитайзер қойылуы қажет. Тапшандар мен орындықтар күн сайын екі рет дезинфекциялануы шарт.

№6 жағажайдағы қазіргі жағдай

Қала әкімдігінің мәліметінше, №6 жағажай аумағында сенімгер басқарушы компания тарапынан 45 қоқыс жәшігі мен 10 қоқыс контейнері орнатылған. Тазалық жұмыстарына күн сайын 30 адам мен екі арнайы техника жұмылдырылуда. Жағажайда үш әжетхана жұмыс істеп тұр. Қауіпсіздік мақсатында бейнебақылау камералары орнатылып, 10-нан астам құтқарушы мен екі медицина қызметкері қызмет атқаруда. Сонымен қатар Төтенше жағдайлар басқармасы мен Полиция басқармасының мамандары жағажай аумағын тұрақты түрде бақылап жүр.

№5 жағажай инфрақұрылымы

Ал №5 жағажайда инфрақұрылым кеңірек ұйымдастырылған. Мұнда алты әжетхана (жалпы 28 бөлме), 12 орындық бес жуынатын орын, алты киім ауыстыратын бөлме (жалпы 12 секция) бар. Аумақта 30 дана қоқыс жәшігі, 40 бөшке және 25 қоқыс контейнері қойылған. Бұл жағажайда заманауи қауіпсіздік технологиялары қолданылуда — жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін бейнебақылау жүйесі орнатылған.

Жалпы алғанда, жағажай — қоғамдық демалыс кеңістігі ғана емес, санитарлық тазалығы мен қауіпсіздігі жоғары деңгейде сақталуы тиіс аумақ. Мұндай орындарды күтіп ұстау — тек жергілікті әкімдік пен сенімгерлік басқарушы компанияның ғана емес, сонымен қатар кәсіпкерлердің де ортақ жауапкершілігі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы маңында жазда көлікпен қайда барып демалуға болатынын жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз