Шымкентте кене шаққан адам көбейді

Жарияланды
кенедерден
Шымкентте кене шаққан адам көбейді/Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Биыл жарты жылда Шымкентте 530 адамды кене шаққан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 30%-ға артық. Бұл туралы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова мәлім етті.

Айгүл Тұрымбетова Шымкент қаласы құтыру, Сібір жарасы, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, бруцелез ауруының қолайсыз аумағына жататынын айтады.

Оның айтуынша, көрші жатқан Түркістан облысы Сібір жарасы мен Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошақтары орналасқан. Оған қоса тұрғындар ауыл шаруашылығы малдарымен тығыз байланыста. Сондықтан қала тұрғындарына бұл ауруларды жұқтыру қаупі әрдайым бар.

6 айда қалада оба, тырысқақ, құтыру, Сібір жарасы ауруы тіркелмеген. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруын 2 адам жұқтырған, бруцеллез ауруымен 7 адам ауырған.

«Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруын жұқтырған 2 адам Түркістан облысында мал шаруашылығымен айналысқан. Бұл ауру кене шаққаннан соң жұққан», – дейді ол.

Тұрымбетованың сөзінше, кенелер адамдарға күн жылығанда шабуылдайды. Жыл басынан бері 530 адамды кене шағып, медициналық көмекке жүгінген. Барлығы медициналық бақылауда 14 күн болып, үйіне шыққан. Өткен жылы дәл осы кезеңде 387 адамды кене шағып ауырған.

«Адамды кене шақса, міндетті түрде дер кезінде медициналық көмекке жүгіну қажет. Себебі Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – ауруы қорқыныш тудыратын, аса қауіпті, жоғары жұғымды жұқпалы ауру»,  – дейді ведомство басшысы.

Қазіргі таңда Шымкентте кене қаупі бар қолайсыз 11 елдімекен арнайы есепке алынған. Онда кенеге қарсы залалсыздандыру жұмысы көктемде жүргізілген. Енді күзде қайта дәріленеді.

Кене шаққанға атүсті қарауға болмайды, одан сақтанудың жолдары жайлы мына жерден оқуға болады.

Сондай-ақ оқыңыз