Шегіртке таралуына қатысты жазба жариялаған белсендіге қатысты сот актісі күшіне енді

Астанада шегіртке тарағаны туралы жазған қоғам белсендісіне қатысты іс апелляциялық сатыда қаралды.
Айта кетейік, Кирилл Павлов Жамбыл облысында шегіртке тарағаны туралы жазғаны үшін 20 АЕК (78 640 теңге) көлемінде айыппұл төлейтін болды.
Ол әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылған. Апелляциялық шағымда Павловтың өкілі сот қаулысын жойып, жаңа шешім шығаруды сұрады.
«Істі қарау барысында сот Павловтың Telegram-арнасында жариялаған шегіртке зиянкестері таралуының ауқымы туралы ақпаратты, сондай-ақ уәкілетті органдардың ресми деректерін анықтады. Сот бұл деректер арасында елеулі алшақтықтардың бар екенін анықтап, Павловтың тарапынан жалған ақпарат таратылғанын растады», – делінген ақпаратта.
Апелляциялық алқа бірінші сатыдағы соттың қаулысын өзгеріссіз қалдырды. Қаулы заңды күшіне енді.