Сәуірде ҰБТ-ға қатыса алмаған түлектерге қосымша қабылдау ашылды

Ұлттық тестілеу орталығы 4-6 шілде аралығында ҰБТ-ға қатысуға өтініш қабылдаудың басталғанын хабарлады.
Орталықтың мәліметінше, 10–25 сәуір аралығында төмендегі белгілі себептермен өтініш бере алмаған талапкерлер ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш тастай алады:
- денсаулық жағдайына байланысты емдеуде немесе карантинде болу;
- жақын туысының қайтыс болуы (растайтын құжаттар болған жағдайда);
- республикалық және халықаралық олимпиадаларға, байқауларға және спорттық жарыстарға қатысу;
- төтенше жағдайлар туындаған кезде.
Аталған себептер бойынша емделу жағдайында – 026/у үлгісіндегі медициналық анықтама, ал туысының қайтыс болуы кезінде – тиісті растайтын құжаттар ұсынылуы қажет.
ҰБТ-ға қатысу үшін өтінішті электронды түрде uto@testcenter.kz электрондық поштасына жолдау қажет. Өтінішпен бірге растайтын құжаттар қоса тіркелуге тиіс.
Тестілеудің өзі 8–10 шілде аралығында өтеді.
Еске салайық, Ұлттық тестілеу орталығы биыл грант конкурсына құжаттар қабылдауды 13-20 шілде аралығында жүзеге асырады. Орталық құжаттарды жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы офлайн немесе eGov арқылы онлайн тапсыруға болатынын атап өтті.