Тоқаев Қазақстан халқын Астана күнімен құттықтады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Астана күнімен құттықтады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Өз құттықтауында Тоқаев биылғы атаулы күннің Домбыра күнімен қатар келгенін, мұның өзіндік мәні бар екенін ескерген.
«Құрметті отандастар! Астана күні құтты болсын! Биыл бұл мереке Домбыра күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның символдық мәні зор. Қазақтың қасиетті қара домбырасы Ұлы даланың мыңжылдық бірегей мәдени мұрасын әйгілейді. Ал елордамыз Қазақстанның тұрақты әрі қарқынды өсіп-өркендеуін және жасампаз ұлттың жарқын болашаққа ұмтылысын айшықтай түседі», – деді президент.
Сонымен бірге мемлекет басшысы Астананың бүгінде көркейіп, дамып, іскерлік ортаға айналғанын атап өткен.
«Бүгінде Астана – еліміздің қоғамдық, саяси және іскерлік ордасы. Дәл осы жерде халқымыздың болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданады, озық идеялар іске асырылып, биік мақсаттар орындалады. Мұнда білімпаздық пен еңбекқорлық құндылықтары берік орнығып, жұртымыздың ынтымағы мен келісімі нығая береді», – деді ол.
Президент елорданы Орталық Еуразияның жауһарына теңеп, қаланың қашан да реформадар бастауында тұратынын айтты.
«Астана Орталық Еуразияның жауһары, заманауи Қазақстанның келбеті саналады. Халықаралық қауымдастық бас қаламызды бітімгершілік бастамаларды жүзеге асырып, жаһандық диалог орнату ісінде ерекше рөл атқаратын бейбітшілік шаһары ретінде біледі. Елордамыз әрдайым түбегейлі өзгерістер мен ауқымды реформалардың бастауында тұрады. Алдағы уақытта да Астанамыз Әділетті, Таза және Қуатты Қазақстанды құру жолындағы жалпыұлттық жаңғыру жұмыстарына ұйытқы бола береді деп сенемін. Сүйікті қаламыз өркендеп, гүлдене берсін! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!», – деді Тоқаев.
Айта кетейік, кеше президент экс-елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтаған болатын.