90 жасқа толған Далай-лама тағы 40 жыл өмір сүретінін айтты

Жарияланды (жаңартылды )
General news бөлімінің тілшісі
90 жасқа толған Далай-лама тағы 40 жыл өмір сүретінін айтты
90 жасқа толған Далай-лама тағы 40 жыл өмір сүретінін айтты/Фото: Reuters

6 шілде күні Үнді Гималайындағы Дхарамсала қаласына мыңдаған тибеттік буддист жиналып, Далай-ламаның 90 жылдығын атап өтті, деп жазады ВВС.

Мерекелік көңіл-күйге қатты жаңбыр да кедергі келтіре алмады. Тибет рухани көшбасшысы дәстүрлі киім мен сары шапан киіп, екі монахтың көмегімен сахнаға шығып, күлімсірей жүріп өтті.

Төбенің басындағы храмдарда дұға оқылып, мерекелік би топтары өнер көрсетті. Іс-шараға үнділік министрлер, Далай-ламаның ұзақ жылдар бойы ізбасарлары мен голливуд актері Ричард Гир және мыңдаған жанкүйер жиналды.

Ричард Гир мерекелік мінберге көтеріліп, бұл күнді «қуанышты күн» деп атады. Ол Далай-ламаны құшақтап, «өзін толықтай басқаларға арнаған тұлға» деп сипаттап, оның қолынан сүйді.

EPA/Shutterstock

Бұл мереке тибеттік ай күнтізбесі бойынша туған күніне орай дүйсенбіде басталған ұзақ дұға-тілектер аптасының шарықтау шегі болды.

Сенбі, 5 маусым күнгі рәсімде Далай-лама денсаулығының жақсы екенін айтып, тағы 40 жыл өмір сүретінін – яғни 130 жасқа жететінін мәлімдеді. Бұл бұрынғы болжаған жасынан 20 жылға артық.

Ол туған күнін атап өтуді ұнатпайтынын айтқанымен, бұл күнді жан тыныштығы мен мейірімділік жайында ойлануға себеп болғаны үшін ізбасарларына алғыс білдірді. Өзін «жай ғана буддист монахпын» деп атаған Далай-лама 90 жылдық өміріне өкінбейтінін жеткізді.

«Материалдық даму маңызды болғанымен, шынайы өмірлік мағына – жан тыныштығына жету. Бұл – мейірімді жүрек тәрбиелеу және тек жақындарға емес, баршаға мейіріммен қарау арқылы келеді», – деді ол туған күнге арнаған үндеуінде.

Далай-лама өзінің мұрагерлік жоспарын нақтылап, 600 жылдық дәстүр өзімен аяқталады деген болжамдарға нүкте қойды. Тибеттік буддизм дәстүрінде Далай-лама қайтыс болғаннан кейін қайта туады – бұл діни дәстүрге терең тамыр жайған рухани үрдіс.

1959 жылы Қытай билігінен қашып, Үндістанға қоныстанған Далай-лама өз реинкарнациясының «еркін елде», яғни Қытайдан тыс жерде жүзеге асатынын бұрын да мәлімдеген. Алайда Бейжің бұл мәлімдемені жоққа шығарып, мұрагер Қытай заңдарына, діни рәсімдер мен тарихи дәстүрлерге сай белгіленуі тиіс деп мәлімдеді.
Бұл шешім Тибеттен қуылған қауымдастық арасында Қытай Далай-ламаның орнына өз адамын тағайындап, Тибетке деген бақылауын күшейтеді деген алаңдаушылықты қайта оятты. Айта кетейік, Қытай Тибетті 1950 жылы басып алып, бүгінге дейін билік жүргізіп келеді.

Далай-лама ұзақ жылдар бойы тибеттік диаспораны автономия үшін күресте және Қытай үстемдігіне қарсылықта бастап келеді.

Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди жексенбі күні оны туған күнімен құттықтап, «махаббаттың, мейірімділік пен сабырлылықтың, адамгершілік тәртіптің мызғымас символы» деп атады.

Ал АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама Далай-ламаны «мен білетін ең жас 90 жастағы адам» деп әзілмен құттықтап, оған достығы үшін алғыс айтты.

Сондай-ақ оқыңыз