Қазақстанды да қамтитын Трамптың баж салығы 1 тамыздан қолданылуы мүмкін

Жарияланды (жаңартылды )
General news бөлімінің тілшісі
Қазақстанды да қамтитын Трамптың баж салығы 1 тамыздан қолданылуы мүмкін/Фото: Reuters/Aly Song

АҚШ-тың сауда министрі Говард Лютник президент Дональд Трамп шетелдік тауарларға қатысты енгізген кедендік тарифтер 1 тамыздан бастап күшіне енуі мүмкін екенін айтты. Бұл туралы Bloomberg хабарлады.

Лютниктің айтуынша, тарифтердің күшіне ену мерзімі кейінге шегерілгенімен, Трамп кейбір елдер үшін баж мөлшерлемелерін қазірдің өзінде белгілеп, кей елдермен келісімдер жасап жатыр.

Жексенбі күндері АҚШ президенті журналистерге берген сұхбатында 9 шілдеге дейін көптеген елдермен келісімдер жасалатынын немесе оларға баж салығының өсетіні жөнінде хабарлама жіберілетінін айтқан.

Truth Social парақшасында АҚШ президенті жаңа тарифтер туралы хаттар 7 шілде күні шығыс америкалық уақытпен 12:00-де (Астанамен арадағы уақыт айырмасы – 10 сағат) жіберіле бастайтынын айтқан.

Сәуірдің басында АҚШ екі жүзге тарта мемлекетке жаңа сауда баж салығын енгізетінін мәлімдеді. Бұл тізімге Қазақстан да кірген. Ақ үй жариялаған кестеде Қазақстан үшін белгіленген тариф мөлшері 27%-ды құрады. Бұл – Орталық Азия елдерінің ішіндегі ең жоғары көрсеткіш.

Осыдан кейін, Қазақстан мен АҚШ келіссөздер бастаған.

Сондай-ақ оқыңыз