АҚШ Украинаға қару жеткізуді қайта бастайды – Трамп пен Пентагон мәлімдеме жасады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
АҚШ Украинаға қару жеткізуді қайта бастайды / фото: архив: kursiv.media

АҚШ президенті Дональд Трамп 7 шілде күні Украинаға жаңа қару-жарақ жеткізілетінін мәлімдеді. Бұл туралы Трамп Ақ үйде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен кешкі ас алдында журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып айтты. Трамп Украинадағы жағдайға алаңдаушылық білдіріп, бұл елге көмектесу қажет екенін жеткізді.

Біз оларға тағы біраз қару жібереміз. Бұл қажет. Украина өзін-өзі қорғай алуы тиіс. Қазір Украинаға өте қатты соққы жасалып жатыр. Көп адам қаза табуда. Сондықтан біз қорғаныс мақсатындағы қаруларды жеткізуге мәжбүрміз, – деді Трамп және Ресей президенті Владимир Путиннің әрекетіне көңілі толмайтынын да қайталап айтты.

Трамп бұл мәлімдемесінде нақты қандай қару түрлері жеткізілетінін ашып айтпады. Дегенмен, оның сөзі жарияланғаннан кейін көп ұзамай Пентагон ресми хабарлама таратты.

АҚШ Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Шон Парнеллдің айтуынша, президент Трамптың нұсқауымен Пентагон Украинаға қосымша қорғаныс қаруларын жөнелтуді бастап кетті.

Украиналықтар өз елін қорғауды жалғастыра алуы үшін біз оларға қосымша қорғаныс құралдарын жіберіп жатырмыз. Бұл – тұрақты бейбітшілік орнатуға бағытталған күш-жігеріміздің бір бөлігі, – делінген Пентагон мәлімдемесінде.

Алайда Парнелл де нақты қандай қару түрлері жөнелтілетінін ашып көрсеткен жоқ.

Айта кетейік, 3 шілде күні АҚШ билігі Украинаға қару жеткізуді уақытша тоқтатқанын мәлімдеген еді. Бұл шешім Пентагонның қару-жарақ қоры азайып кеткенімен байланысты қабылданған. Батыс басылымдарының хабарлауынша, сол кезде зениттік зымырандар мен жоғары дәлдіктегі оқ-дәрілерді жеткізуге уақытша шектеу қойылған.

Сондай-ақ оқыңыз