Америка Қазақстаннан келетін тауарларға 25% импорттық баж салығын енгізді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
АҚШ президенті Дональд Трамп / Фото: White House

АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстан Республикасынан келетін тауарларға 25% көлемінде импорттық баж салығын енгізді. Ол туралы Қазақстан президенті Тоқаевқа арнайы хат жолдаған. Жаңа тариф 1 тамыздан бастап күшіне енуі мүмкін.

АҚШ президенті өз хатында сауда талаптарының қатаңдағанына емес (бұған дейін қазақстандық тауарларға 10% көлемінде уақытша баж салығы қолданылған), керісінше, Қазақстанмен сауданы жалғастыру туралы шешіміне назар аударады. Трамп Қазақстанды «ұлы мемлекет» деп атап, Вашингтон үшін екіжақты сауда балансы теріс күйінде қалып отырғанына қарамастан, ынтымақтастықты жалғастыру ниетін білдіреді.

Трамптың айтуынша, екі ел арасындағы сауда қарым-қатынастарын тиімді деуге келмейді.

Хат соңында Трамп Астанаға салыққа қарсы шаралар қабылдамауға шақырады. Олай болса, қазақстандық тауарларға салынған тариф одан әрі өсуі мүмкін екенін ескертеді.

Қазақстаннан бөлек, дәл осындай мазмұндағы хаттарды Малайзия (25%), Лаос (40%), Оңтүстік Африка (30%), Мьянма (40%), Жапония және Оңтүстік Корея (екеуіне де 25%) басшылары да алған.

Еске салсақ, биыл сәуірде Трамп әлемнің көптеген елдеріне қатысты тариф енгізген кезде, Қазақстан экспорты да баж салығына іліккен . Ол кездегі тариф мөлшері 27% болған.

Сол кезде Сауда және интеграция министрлігі АҚШ-пен тарифтер бойынша келіссөздер бастағанын хабарлады.

Кейін Ақ үй басшысы Қытайдан басқа елдер үшін тарифті үш ай мерзімге 10%-ға дейін төмендеткенін жариялады.

АҚШ пен Қазақстанның сауда қарым-қатынасы қандай?

2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан АҚШ-қа соңғы онжылдықтағы рекордтық көлемде, 1,97 млрд доллар тауарын экспорттаған. Экспорттың негізгі бөлігін мұнай, уран (2023 жылмен салыстырғанда бес есе өскен), ферроқорытпалар мен күміс құрайды. ҚР Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, Қазақстан экспорты құрылымында АҚШ-тың үлесі – 2,4%.

АҚШ – Қазақстан импортының да ірі көздерінің бірі. 2023 жылы Қазақстанға осы елден 2,24 млрд долларға тең тауар әкелінді. Бұл – жалпы импорт көлемінің 3,4%-ын құрайды. Аталған көрсеткіш бойынша АҚШ Ресей (30,5%), Қытай (25,3%) және Германиядан (4,7%) кейін төртінші орында.

Сондай-ақ оқыңыз