Жылқы саны 5 млн: Ауыл шаруашылығы министрі Қазақстанда мал басы артқанын айтты

Қазақстанда мал басы тұрақты өсіп келеді. Бұл туралы үкімет отырысында Ауыл шаруашылық министрі Айдарбек Сапаров айтты.
«Ауыл шаруашылығы жануарларының барлық түрлері бойынша мал басы тұрақты өсуде. Жыл басынан ірі қара мал басы 23,4%-ға артты (9,6 млн бас), ұсақ мал – 7,8%-ға (26,3 млн бас), жылқы – 12,2%-ға (5 млн бас), түйе – 8,5%-ға (321,3 мың бас), құс – 2,2%-ға (47,7 млн бас) өсті», – деді министр.
Бұл ішкі нарықты етпен және сүтпен қамтуға мүмкіндік берген. Министрдің айтуынша, Алматы, Ақмола облыстарында ет өндіру көлемі артып, сүт өндірісі бойынша – Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары жтоғары көрсеткішке қол жеткізген.
Ет және сүт өнімдерімен ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен бірге кей өнімдердің экспорты артқан. Атап айтқанда, қой мен сиыр етін экспорттау көлемі артқан.
«2024 жылдың қорытындысы бойынша сиыр еті экспорты 1,4 есе артты және 22 мың тоннадан асты, қой еті – 2,2 есе өсіп, шамамен 18 мың тоннаны құрады», – деді Сапаров.
Еске сала кетсек, 2024 жылдың шілдесінен бастап елде мал басы мен ауылшаруашылық техникасының санағы жүргізілген болатын.