Қарағанды облысындағы кәсіпорынға 55 млн теңге айыппұл салынды

Қарағанды облысында экологиялық талаптарды бұзған кәсіпорынға 55 млн теңге айыппұл салынды. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлайды.
«Топар ГРЭС» кәсіпорны Топар кентіндегі күл үйіндісін қайта қалпына келтіру (рекультивация) жұмыстарын жүргізген. Алайда бұл жұмыстар экологиялық талаптарды сақтамай орындалғандықтан, қоршаған ортаға айтарлықтай зиян келді.
Күл үйіндісіндегі учаскелерді дұрыс суармау мен кезең-кезеңімен құрғату ауада шаң-тозаңның таралуына себеп болған. Бұл жағдай экологияға және жергілікті тұрғындардың денсаулығына қауіп төндірді.
Қарағанды облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы экологиялық жағдайға жүргізілген мониторинг барысында осыны анықтады.
Тексеру барысында күл үйіндісін қалпына келтіру жұмыстары қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсатсыз және мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысынсыз жүргізілгені анықталды.
Бұған дейін Ақсу ферроқорытпа зауыты 855 млн теңге айыппұл төлеген.