Иран ядролық бағдарламасын жандандырса, Израиль қайта шабуыл жасайды – БАҚ

Израиль Иран ядролық бағдарламасын қайта жандандыруға тырысқан жағдайда әскери қимылдарын жалғастырады. Израиль шенеуніктерінің айтуынша, АҚШ президенті Тель-Авивтің әрекетіне рұқсат беруі мүмкін. Бұл туралы дереккөздеріне сілтеп Axios басылым жазды.
Ядролық дағдарысқа қатысты болашақ жоспар Трамп пен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың Ақ Үйдегі кешкі асы кезінде басты тақырып болады деп күтіліп отыр.
Израиль шенеуніктері Нетаньяху Трамппен АҚШ пен Иран арасындағы болашақ ядролық келіссөздер мен әскери шабуылдарды қайта бастауға негіз бола алатын сценарийлер жөнінде өзара түсіністікке келгісі келетінін айтқан.
Дереккөздер Нетаньяхудың бас кеңесшісі Рон Дермер Вашингтонға жақында жасаған сапарынан кейін Трамп әкімшілігі белгілі бір жағдайларда Израильдің Иранға жаңа шабуылдарын қолдауға дайын деген әсермен оралғанын жеткізген.
Олардың айтуынша, мұндай жағдайлардың бірі – Иранның Фордоу, Натанс және Исфахандағы зақымдалған нысандардан жоғары байытылған уранды шығаруға әрекеттенуі болуы мүмкін.
Тағы бір сценарий ретінде Иранның ядролық бағдарламасын, әсіресе байыту нысандарын қайта қалпына келтіруге тырысуы болуы ықтимал.
Израиль мен Иран арасындағы 12 күндік соғыс аяқталғаннан кейін Трамп екі рет Иран уран байытуды қайта бастаса, АҚШ оған қайта шабуыл жасауы мүмкін екенін айтқан.
Сонымен қатар ол әрі қарайғы қақтығысты болдырмау үшін келісілген шешімге келуді қалайтынын жеткізген.
Дереккөздерге сәйкес, Дермер қатысқан кездесулерде талқыланған басты мәселелердің бірі – Ирандағы 60%-ға дейін байытылған 400 кг уран қоры. Ядролық қару жасау үшін оны шамамен 90% дейін байыту қажет.
Израиль мен АҚШ шенеуніктерінің айтуынша, бұл материал қазір үш ядролық нысанның ішінде «мөрленген».
Басылым АҚШ пен Израиль бұл нысандар едәуір зақымданғанын айтқанымен, барлық ядролық материал мен инфрақұрылым жойылмағанынан атап өткен.
Қазіргі кезде АҚШ пен Израильдің барлау қызметтері Иранның ядролық нысандары маңындағы әрекеттерді жіті бақылап отыр.
Бұған дейін, Иран ядролық нысандарына АҚШ шабуылынан үлкен зақым келгенін хабарлаған.