Түркістанда жұмыс орнында 67 адам жарақат алған

Жарияланды
Жұмыс істеп жүрген жерінде 67 адам жарақат алып, 3 адам қайтыс болған / Фото: shutterstock

Түркістан облысында жыл басынан бері еңбек қатынастарына қатысты 8 жүзден аса шағым түскен. Арыз-шағымның 70 пайызы мемлекеттік органдарға қатысты. Арыз-шағымның дені білім беру саласынан келген. Сонымен бірге соңғы алты айда аймақта жұмыс істеп жүрген жерінде 67 адам жарақат алып, 3 адам қайтыс болған.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Амангелді Әліштің Түркістан өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте хабарлауынша, соңғы 6 айда департаментке еңбек қатынастарына қатысты 834 шағым түскен. Бұған қатысты 174 тексеру жүріп, нәтижесінде 400-ден аса заңбұзушылық анықталған. Заңды бұзғандарға 21 миллион теңге айппұл салынған. Қазірге дейін оның 19 миллионы өндірілген.

«Түскен арыз-шағымдарға талдау жүргізсек, арыз-шағымдардың 70 пайызы мемлекеттік органдарға қатысты болса, қалған 30 пайызы жеке секторлардан келіп түскен», – дейді департамент басшысы брифингте.

Оның сөзінше, мемлекеттік органдардан түскен шағымдардың 70 пайызы – білім беру саласына, 12 пайызы – денсаулық сақтау саласына, 8 пайызы – мемлекеттік мекемелерге қатысты жазылған. Одан бөлек өндірістік жарақат алдым деп 67 адам хабарласқан. Тексере келе олардың 20-ы өндірістік жазатайым оқиға ретінде тіркелген. 3 адам жұмыс орнында қайтыс болғаны анықталған.

«Есептік кезеңде 20 өндірістік жазатайым оқиға орын алып, салдарынан өкінішке қарай 3 адам жұмыс орындарында қаза тапты. Жарақат алғандардың 14-і – ауыр, 6-ауы жеңіл жарақат алды», – деді Амангелді Әліш.

Жазатайым оқиға Түркістан және Арыс қаласында көп болған. Облыстың 7 ауданында өндірістік жазатайым оқиға тіркелмеген.

Ресми мәлімет бойынша, Түркістан облысында 8 жүз мыңға жуық жұмысшы бар.

Сондай-ақ оқыңыз