Freedom Travel мен Freedom Ticketon-ның жаңа топ-менеджерлері туралы не белгілі

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Игорь Бойко мен Ксения Соколованың еңбек жолы қандай / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылдың шілдесінен Freedom Holding Corp. өз экожүйесіндегі екі ірі компания — Freedom Travel (бұрынғы Aviata) және Freedom Ticketon-ның топ-менеджерлерін ауыстырды. Freedom Travel компаниясын енді Игорь Бойко, ал Freedom Ticketon-ды Ксения Соколова басқарады.

Игорь Бойко Freedom Travel компаниясын дамытпақ

Freedom Travel-дің жаңа басшысы Игорь Бойко — TravelTech, FoodTech және RideTech салаларында 16 жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар маман. Ол — Беларусь тумасы, 2022 жылдан бері Қазақстанда тұрады.

Игорь Бойко Беларусь мемлекеттік экономикалық университетінде туризмді басқару және дамыту мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған. 2010–2018 жылдар аралығында ол TEZ TOUR компаниясында жұмыс істеп, ТМД аумағындағы алғашқы метаіздеу OTA-платформасын жасап, оны 12 елде іске қосқан.

Кейін 2018–2021 жылдары Беларусьтегі FoodTech саласында өзінің қаржы-технологиялық стартапын іске қосып, нарықтың 50%-дан астамын қамтыған. Ал 2022–2024 жылдары Қазақстандағы Anytime каршеринг қызметін басқарды. Бұл жоба шығындарын екі есеге дейін қысқартып, алғаш рет пайдаға шықты.

Енді Игорь Бойко Freedom Travel компаниясының бас директоры қызметінде цифрлық трансформациялаумен, жаңа сервистерді енгізумен және клиенттік тәжірибені жақсартумен айналысып жатыр.

Оның басты мақсаты — дәстүрлі билет сату сервисін кешенді туристік өнімдер ұсынатын заманауи платформаға айналдыру. Ол турпакеттерді, сақтандыру қызметтерін және жеке ұсыныстарды қамтитын экожүйе құруды көздейді.

Freedom Ticketon-ға Ксения Соколова келді

Ticketon компаниясының жаңа басшысы — Ксения Соколова. Ол e-commerce, OTT, fashion және lifestyle бағыттарында өнімдер мен цифрлық платформаларды дамытуда 12 жылдан астам тәжірибе жинаған.

Ксения бірнеше жоғары оқу орнында білім алған: Ресейдің Жоғары экономика мектебінде өнім менеджменті бойынша, Санкт-Петербург политехникалық университетінде – стратегиялық басқару бойынша магистр атанған.

Кәсіби жолында ол бірқатар ірі компанияларда жұмыс істеді. 2020–2023 жылдары Hoff компаниясында бас өнім менеджері ретінде онлайн-сатылымдарды едәуір арттырып, клиенттердің қанағаттану деңгейін (NPS) бірнеше есеге ұлғайтты.

Бұған дейін Спортмастер Global желісінде 6 елге арналған интернет-дүкендер желісін құрды, ал Leroy Merlin Kazakhstan жобасында елдегі алғашқы интернет-дүкенді іске қосты.

2023–2024 жылдары Ксения Freedom Media компаниясында ұлттық OTT-платформаны іске қосып, жобаны 4 ай ішінде нөлден бастап аяқтады.

Ксения Соколова Freedom Ticketon компаниясының бас директоры қызметіндегі мақсаты – платформаны SuperApp экожүйесіне толық енгізу, архитектурасын жаңарту және серіктестермен интеграцияны жеңілдету үшін икемді API-шлюз жүйесін құру.

Сондай-ақ оқыңыз