«Аналар жылап жүр»: Дархан Дәулет ісіндегі сотталушының анасы әскерилерді кінәлады

Жаркенттегі әскери гарнизонда қайтыс болған капитан Дархан Дәулет ісі бойынша сот жарыссөзі аяқталды.
Істің мән-жайы
Марқұм Дархан Дәулет Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар ауылында 5 жыл қызмет еткен. 2024 жылдың қыркүйегінде Жаркентке инженерлік бөлімнің бастығы болып ауысқан. 2024 жылдың 13 қарашасынан 14 қарашасына қараған түні тәуліктік кезекшілікке түскен. 26 жастағы әскери сол түні қайтыс болған.
Сотталушылар қатарында 4 адам бар: майор Дархан Қазтай 1988 жылы туған, ал үш сарбаз – Нұрман Әбсадық, Бақберген Рустамұлы, Аят Шакир 19-20 жаста.
Марқұм мен сотталушының анасы сөйледі
2025 жылдың 9 шілдесінде өткен сот отырысында марқұмның анасы Назгүл Дошибекова сөйледі.
«Құдайдың маңдайына жазғаны 26 жас… сендерге де осындай сынақ беріп тұр. Сендер де соны азаматтай көтеріңдер. Ешкімнің ешкімнен жаны артық емес. Мемлекетте бәріміз теңбіз», – деді марқұмның анасы.
Сот отырысында сотталушылардың ата-анасы да сөйледі.
«…Сіздерден басымызды иіп кешірім сұраймыз. Әскерге келсек, оқуына қарамай әскерге алып кетті. Біз тек хабарласып отырдық. «Тәртіпке бағыныңдар, бір жыл өтеді де кетеді» деген аналық сөзімізден басқа ештеңе айтқан жоқпыз. Басшыларға балаларымызды 18 жасында сеніп тапсырдық. 19 жасында СИЗО-да қарсы алдық. Солдаттың орындайтыны тапсырма. Енді Қазақстанның аналары «баламызды қалай жібереміз?» деп отыр. «Балам 18-ге толады, қалай жібереміз?» деп жылап жүр. Осының бәрі сіздердің жауапсыздықтарыңыздан болып отыр. Сіздер жауапты болсаңыздар, бір ана баласынан айырылып, көз жасын төкпес еді», – дейді сотталушының анасы.
12-16 жылға соттауды сұрады
Бұған дейінгі сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Саят Баймұсаев сөйледі.
Прокурор сотталушы Дархан Қазтайды қылмыстық кодекстің 451-бабы 2-бөлігі, қылмыстық кодекстің 28-бабының 3-бөлігі – 439-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 16 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сарбаз Бақберген Рустамұлын қылмыстық кодекстің 439-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 13 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Аят Шакирді қылмыстық кодекстің 439-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 13 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Нұрман Әбсадықты қылмыстық кодекстің 439-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.