Перизат Қайраттың ісі ішінара жабық өтеді

Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс ішінара жабық өтеді.
Судья Сабыржан Кәрімовтің шешіміне сай, процесс ашық өтеді, бірақ банк құпиясын құрайтын деректерді қосқанда басқа да құпия ақпарат жария етілмейді. Сондай-ақ айыпталушылардан жауап алу процесі ешкімге көрсетілмейді.
«Қылмыстық-процессуалдық кодекс талаптарына сәйкес, сот талқылауы ашық түрде өткізіледі. Жариялылықты шектеу тек заңда көзделген жағдайларда және жеткілікті негіздер болғанда ғана рұқсат етіледі. Қорғаушының, айыпталушылардың, жәбірленушілер мен өкілдердің, сондай-ақ мемлекеттік органдардың пікірлері талқыланғаннан кейін, сот мынадай қорытындыға келді: сот отырысын жабық түрде өткізуге негіз жоқ», – деді судья.
Қайрат өтінішхатында Қазақстанның Израиль және Палестинамен халықаралық қатынастарына әсер етуі мүмкін жағдайлар туралы айтқан.
Судьяның сөзінше, айыптау актісінде бұл мемлекеттер арасындағы соғыс қақтығысына қатысты мән-жайлар көрсетілмеген және бұл бөлім Қайратқа тағылған айып құрамына енбейді. Сот істі тек тағылған айып шеңберінде ғана қарайды.
Басты сот талқылауы 2025 жылдың 14 шілдесінде басталады. Сот процестері аптасына екі рет – дүйсенбі және сейсенбі күндері өтеді.
Айта кетейік, 9 шілдеде Перизат Қайратқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды. Іс Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралып жатыр.