Ресей бюджетінде қаражат тапшы: «Роскосмостың» екі ғарыш жобасы тоқтатылды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Байқоңыр ғарыш айлағын Ресей Қазақстаннан жалға алып отыр / фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Бюджет тапшылығына байланысты «Роскосмос» екі ғарыш жобасын тоқтатып тастады / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

«Роскосмос»  қаражат тапшылығына байланысты «Марафон-IoT» және «Скиф» ғарыштық жобаларын тоқтатып тастады. Бұл туралы «РИА Новости» басылымына компания басшысы Дмитрий Баканов хабарлаған.

Компания басшысы федералдық бюджет шығындарын азайту үшін «Марафон-IoT» және «Скиф» спутниктік жобаларды жүзеге асыруды тоқтатуға мәжбүр екенін мәлімдеген.

«Біз бірқатар ұлттық жобаларды бизнеске ұсынып жатырмыз. Жекелеген компаниялардан әзірге ұсыныс түскен жоқ», – деп мәлімдеген Баканов.

Аталмыш екі жобаның бірі – «Марафон-IoT» түрлі құрылғылардан интернетке қосылуды қамтамасыз етуге, ал «Skif» тұрақты абоненттерге спутниктік интернет қызметтерін ұсыну үшін әзірленуі керек болған.

Ресей сонымен бірге Қазақстанмен бірге ірі ғарыштық жобаны жүзеге асыруы керек болған. Нақты айтқанда, екі елдің «Бәйтерек» жаңа ғарыш жобасы аясында экологиялық таза «Союз-5» зымыран тасығыштарын әзірлейтіні айтылған. Жобаға Қазақстан тарапы 233 млн доллар жұмсауы керек болған. Осылайша Ресей нарыққа жаңа экологиялық таза «Союзды» шығарып, коммерциялық табысын арттырып, ал Қазақстан  ғарыш инфрақұрылымының операторы рөлін атқаруы тиіс еді.

Ал жақында премьер-министр Олжас Бектенов «Союз-5» зымыран тасығыштарының өндірісі «Байқоңыр» ғарыш айлағына көшірілуі мүмкін екенін мәлімдеді.

Еске сала кетсек, қаражат тапшылығына байланысты Ресей Қазақстанға уәде еткен ЖЭО-ларды да сала алмайтын болды. Семей, Өскемен, Көкшетау қалаларындағы үш жобаны Үкімет Қытай және Оңтүстік Корея елдеріне беруді жоспарлап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз