Баспана бағасы соңғы 4 жылда бір жарым есе қымбаттаған

Қазақстанда баспана арманға айналып барады. Ұлттық статистика бюросының 2025 жылғы маусымдағы дерегіне сүйенсек, соңғы 4,5 жылда елде жаңа тұрғын үй бағасы 53,3%, екінші нарықтағы пәтерлер — 59,6%, ал жалға алу ақысы 89,6% өскен. Бағаның мұндай қарқыны көп отбасылар үшін баспананы қолжетімсіз ете түсті.
Жаңа тұрғын үй жыл сайын қымбаттап келеді
2025 жылдың маусымында жаңа пәтер бағасы былтырғы маусыммен салыстырғанда 9,5%-ға артқан. Бүгінде бір шаршы метрдің орташа құны 527 мың теңгеге жетті.
Ең қымбат жаңа пәтерлер Алматы (647 мың теңге) мен Астанада (593 мың). Ал ең арзан баспана Батыс Қазақстанда: Оралда – 286 мың, Ақтөбеде – 301 мың теңге.
Баға өсімі көш басында Павлодар тұр: бір жылда 29%-ға қымбаттап, 451 мың теңгеге жетті. Шымкентте өсім 16,1% болса, Алматыда 15,3%-ды құрайды.
Тіпті бір ай ішінде де өсім байқалады. Мамырдан маусымға дейінгі аралықта жаңа баспаналар 1,1%-ға қымбаттаған. Павлодар, Қызылорда және Шымкентте баға өскен.
Қайталама нарықтағы үйлер де қымбат
Қайталама нарықтағы пәтерлердің бағасы да шарықтап барады. Жылдық өсім — 6,7% болса, ал орташа бағасы — 546,7 мың теңге. Бұл – жаңа пәтерлерден де жоғары.
Бұрын салынған пәтерлердің ең қымбаты Алматы (681 мың теңге) және Астанада (642 мың) болса, ең төмен баға Қызылорда (320 мың) және Ақтауда (335 мың) тіркелген.
Ақтөбеде бір жыл ішінде ескі пәтерлердің құны 18,5%-ға өсіп, 341 мың теңгеге жеткен. Алматы мен Павлодарда да өсім жоғары – тиісінше 15,3% және 13,8%.
Жалға алу – ең жылдам қымбаттап жатқан сектор
Жалдау нарығындағы жағдай тіпті қиын. Бір жылда жалға алу ақысы 9,4%-ға, ал соңғы 4,5 жылда 89,6%-ға өсті. Қазір ел бойынша бір шаршы метрдің орташа бағасы 4 510 теңгені құрайды.
Астана мен Алматыда пәтер жалдау тым қымбат болса, Тараз мен Түркістаннан баспананы арзанырақ жалға алуға болады.
Сарапшылар бағаның өсуін құрылыс материалдарының қымбаттауымен, урбанизациямен және инфляциямен байланыстырады. Сонымен қатар тұрғын үйге деген сұраныс азаймай тұр. Алайда халықтың табысы мұндай өсімге ілесе алмай жатыр. Бұл жағдай орта тап үшін үй сатып алуды немесе жалдауды қиындатып отыр.
Krisha.kz мәліметінше, маусым айында екінші нарықтағы тұрғын үйдің бағасы 2024 жылдың осы айымен салыстырғанда орта есеппен 7%-ға өсті.