Испандық компания Маңғыстауда қонақүй салуға қызығушылық танытып отыр

Испанияның Севилья қаласында өткен БҰҰ-ның дамуды қаржыландыру жөніндегі IV халықаралық конференциясы шеңберінде вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жетекші испандық компаниялардың өкілдерімен кездесу өткізді.
Қатысушылар қатарында Barceló Hotel Group қаржы директоры Avoris Висенте, Фенольяр тобының президенті, Xcalibur Multiphysics Group S.L. бас атқарушы директоры Андрес Бланко бар.
Barceló Hotel Group басшылығымен келіссөз барысында испандық тараптың Қазақстанда, атап айтқанда Маңғыстау облысында туристік инфрақұрылымды дамытуға қатысуы талқыланған. Испандық компания қонақүй нысандарын құруға ерекше қызығушылық білдіріп, екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігі талқыланған.
Серік Жұманғарин Қазақстанның Еуразиядағы транзиттік-логистикалық хаб ретіндегі тартымдылығын айта келіп, елде қолайлы инвестициялық ахуал бар екенін, инвесторларға көптеген салықтық преференция жасалатынан атап өткен. Кездесу қорытындысы бойынша Висенте Фенольяр биыл іскерлік сапармен Қазақстанға келуге дайын екенін білдірген.
Xcalibur Multiphysics Group S. L.-мен келіссөз шеңберінде Қазақстан аумағында аэрогеофизикалық зерттеу жасау мәселесі талқыланған. 2026 жылға қарай ел аумағының геологиялық-геофизикалық зерттелу аумағын 2,2 млн шаршы шақырымға ұлғайту секілді ауқымды міндет қойылып отыр. Бұл зерттеулер жер қойнауын жеделдетіп картаға түсіру мен талдаудың негізгі құралы ретінде қарастырылады.
Xcalibur – ұлттық картографиялық бағдарламаларды жүзеге асыруда 100 жылдан астам тәжірибесі бар аэрогеофизика саласындағы әлемдік көшбасшы. Биылғы наурызда Xcalibur Smart Mapping компаниясы «Бәйтерек» холдингімен Қазақстанда аэрогеофизика және геокеңістіктік картаға түсірудің аймақтық орталығын құру туралы келісімге қол қойды. Бұл геологиялық барлау жұмысына озық технология енгізу мен жер қойнауын пайдалануға стратегиялық инвестиция тарту үшін жағдай жасайды.
Бұған дейін қытайлық компания Алматыға 10 млрд доллар құйып, тетрапакет өңдеу зауытын салатыны хабарланған.