Мегаполистегі күйзеліс: қалалықтардың уайымы, ұйқысыздық пен қажу

Үлкен қалада өзіңді жоғалтып алу оңай. Күнделікті қарбалас, бөтен адамдар мен үзіліссіз шу арасында өмір сүреміз. Жан-жағың үнемі гуілдеп, жарқылдап, назар аударуды қажет етіп тұрғанда өзіңді есту қиын. Уайым — әдеткі фонға айналады, шаршау — қалыпты жағдай болып кетеді. Барлығы дәл осылай өмір сүретіндей көрінеді, сондықтан жай ғана шыдау керек деп ойлайсың. Бірақ бір күні күш таусылады.
Мұны қалалық күйзеліс деп атайды — бұл кезде саған бәрібір бола бастайды. Жоспарлар да, тамақ та, болашақ та қызықтырмайды. Бұл сирек жағдай емес — бұл шамадан тыс жүктемеге жалпы реакция. Міндетті түрде күніне 12 сағат кеңседе отыру қажет емес — жалғыздықтан да, тынымсыз шудан да, тынығуға мүмкіндік болмағандықтан да күйіп кетуге болады.
Мегаполис – жоғары қысым ортасы
Үлкен қалада күйіп кету жайдан-жай пайда болмайды. Ол қаланың өзіне тән көптеген факторлардың ықпалымен біртіндеп қалыптасады. Солардың бірі – өмір ырғағынан туындайтын созылмалы жүктеме. Тиісінше демалып, қалыпқа келуге мүмкіндік аз. Бүгінде қалалықтар үшін демалысқа уақыт табу өзекті мәселе болып барады. Үзіліс алу сирек жағдайға айналған. Жұмыс пен жеке өмір арасындағы шекара да өзгерген, әсіресе пандемиядан кейін. Адамдар кешке, демалыс күндері, тіпті ауырып жатқанда да, үйден жұмыс істейді, бұл жағдай шаршауды одан әрі күшейтеді.
Экономикалық қысым да аз рөл атқармайды. Қалада өмір сүру – тұрақты шығындарды талап етеді: баспана, көлік, тамақ, денсаулық. Көптеген адамдар тұрақсыздықты сезінеді. Мәселен, тұрақты жұмысы жоқ немесе уақытша, табысы негізгі қажеттіліктерге жетпейді, бұл, әсіресе, мигранттар мен табысы төмен адамдарға тән. Мұндай тұрақсыздық ішкі мазасыздықтың негізіне айналып, жан дүниені жегідей жейді.
Қаланың өзі – күйзеліс көзіне айналады. Шу, тығыздық, жасыл аймақтардың жетіспеуі, лас ауа, ескірген инфрақұрылым – мұның бәрі қалжырау мен дәрменсіздік сезімін арттырады. Жай ғана тынығып, өз-өзіңмен болуға болатын орындар коммерциялық мақсатта жойылып жатыр. Ал орындықтар мен ашық қоғамдық кеңістіктер сияқты қарапайым элементтер «қауіпсіздік дизайны» саясатына байланысты алынып тасталуда – бұл қаланы тек шаршататын ғана емес, жатырқататын кеңістікке айналдырады.
Қосымша ауыртпалық – ақпараттық және сезімдік шудың көптігі. Қалаларда сыртқы әсерлердің тығыздығы жоғары: дыбыс, иіс, адамдардың көптігі, визуалды тітіркендіргіштер. Мұның бәрі болып жатқанды қабылдап, қорытуға мүмкіндік бермейді. Осының нәтижесінде мазасыздық күшейіп, ішкі шамадан тыс жүктеме артады. Бұған шудан, жарықтан және күйзелістен туындайтын ұйқы тапшылығы қосылғанда, ағза қалпына келу үшін қажетті ең қарапайым ресурстан да айырылады.
Соңында, урбанизация ми қызметіне де әсер етеді. Қалада өскен адамдарда күйзеліске жауап беретін ми аймақтары күшті жұмыс істейді – әсіресе әлеуметтік бағалау жағдайында. Яғни, мұндай адамдар айналаның қысымына физиологиялық тұрғыдан да сезімтал келеді.
Қалалық күйзелістің белгілері
Қалалық күйіп кету кенеттен пайда бола қоймайды. Көбінесе ол айлар, тіпті жылдар бойы жиналады, адам әдеттегі өмірін жалғастыра береді, бірақ іштей біртіндеп сөне бастайды. Көпшілік мұны «жарық өшкендей» деп сипаттайды — бәрі қалыпты сияқты, бірақ күш те, қызығушылық та жоқ.
Қалада күйзелісінің белгілері:
Апатия. Хоббиге, жұмысқа, адамдармен қарым-қатынасқа қызығушылық жоғалады. Жалғыз қалғыңыз келіп, ештеңе істегіңіз келмейді.
Тұрақты шаршау. Ұйқыдан кейін де, демалыстан кейін де күш қалпына келмейді.
Ұйқы бұзылыстары. Ұйықтай алмау, мазасыз жеңіл ұйқы немесе керісінше – үнемі ұйқышылдық.
Ашуланшақтық пен мазасыздық. Ұсақ-түйекке қатты әсер беру, жиі ашулану, мазасыз ойлар.
Назардың төмендеуі. Шоғырлану, шешім қабылдау, ақпаратты есте сақтау қиындайды.
Психосоматика. Бас ауруы, іш, арқа ауыруы, асқазан-ішек жолындағы мәселелер — нақты себепсіз.
Мәнсіздік сезімі. «Бәрібір», «ештеңе істегім келмейді», «тырысып не керек».
Бұл жерде маңыздысы — күйіп кету жалқаулық та, әлсіздік те емес. Бұл — ішкі ресурстардың таусылғанының белгісі. Уақытында қолдау мен өзін күтуге көңіл бөлсе, бұл жағдайды жеңуге болады.
Күйзеслім неліктен мегаполисте
Қалалық өмір жиі еркіндік пен мүмкіндіктердің символы ретінде көрінеді. Алайда шын мәнінде, жан-жақты қысым көп. Оның бір себебі — жоғары қарқын мен таңдау көптігінен туындайтын жүктеме. Күн сайын ондаған шешім қабылдауға тура келеді: қай маршрутпен жүру, қандай көлік таңдау, не жеу, не сатып алу, қайда бару. Мұның барлығы адамды қажытады және өз қажеттіліктерін сезінуін төмендетеді.
Тағы бір фактор — үнемі салыстыру. Қалада басқалардың жетістігі көзге ерекше түседі. Әсіресе, көшеде, кафеде, әлеуметтік желілерден байқауға болады. Бұл ішкі алаңдаушылықты күшейтеді: «мен кейін қалып жатырмын», «жеткілікті істемей жүрмін», «басқалар бәріне үлгеріп жатыр». «Табысты болу» қысымы әсіресе осал күйдегі адамдардың өзін-өзі бағалауына нұқсан келтіреді.
Бұдан бөлек мегаполистегі өмір де қымбатырақ. Нақты айтсақ, жалдау ақысы, жол жүру, азық-түлік, қызметтер. Бұл да қосымша салмақ түсіреді, әсіресе табыс тұрақсыздарға оңайға түспесі анық. Ақшаға қатысты үнемі мазасыздық күйзелісті арттырып, демалуға кедергі келтіреді.
Ақырында, қалада тұрақты әлеуметтік байланыс құру қиынырақ. Адамдар жиі үйін, жұмысын, ауданын ауыстырады. Бұл қолдау жүйесінің қалыптасуына тосқауыл болады, ал жалғыздық адамды күйзеліске(әлсіреу, түңілу) бейім етеді. Байланыстар саны көп болғанымен, жақындық пен шынайы қатынас сезілмеуі мүмкін.
Қауіп тобындағы адамдар
Кейбір топтар күйзеліске (әлсіреу, түңілу) жиі ұшырайды. Бұл көбінесе оларға түсетін эмоционалдық, әлеуметтік және экономикалық жүктеменің жоғары болуымен байланысты.
Жастар. Жасөспірімдер мен жастар оқу, алғашқы жұмыс тәжірибесі, болашақтың белгісіздігі секілді қысымды қатты сезінеді. Сонымен қатар, олар көбіне тұрақсыз жұмыспен қамтылып, өздеріне қойылатын жоғары күтулермен бетпе-бет келеді.
Әйелдер. Әсіресе жұмыс пен отбасылық міндеттерді қатар алып жүргендер. Қосарланған жүктеме, көзге көрінбейтін еңбек және қолдаудың болмауы, сырт көзге бәрі жақсы көрінсе де, олардың күйзеліске ұшырауына себеп болуы мүмкін.
Табысы төмен адамдар. Мұндай адамдар көбіне артық жұмыс істеуге, шу көп аудандарда өмір сүруге, демалыстан бас тартуға мәжбүр. Бұл күйзеліске бейімділікті арттырып, қалпына келу қабілетін төмендетеді.
Мигранттар. Жаңа орта, тілдік кедергілер, әлеуметтік байланыстың жоқтығы және кемсітушілік оларды күйреуге аса осал етеді.
Көмек көрсететін және шығармашылық мамандық иелері. Психологтар, дәрігерлер, мұғалімдер, суретшілер, журналистер — жұмысы эмоциялық қайтарымды немесе үнемі күйзеліс жағдайын талап ететін мамандар. Бұл топта кәсіби вкүйзеліс жиі кездеседі.
Мегаполисте күйзеліске әкелмейтін қадамдар
Қала өмірі адамды қажытатын орта болмауы мүмкін. Егер қалалық орта дұрыс ұйымдастырылса, ол қалпына келу мен қолдау кеңістігіне айнала алады. Зерттеулер көрсеткендей, табиғатқа, тыныштыққа, қауіпсіз орта мен белсенді қауымдастықтарға қолжетімділік адамның күйзеліс деңгейін төмендетіп, психикалық денсаулығын жақсартуға көмектеседі.
Жасыл аймақтар — саябақтар, гүлзар, көше бойындағы ағаштар — тұрғындардың эмоциялық әл-ауқатына маңызды әсер етеді. Олар қала шуынан демалуға, ойды басқа арнаға бұруға және зейінді қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Әсіресе үйдің жанында немесе жұмыс жолында орналасқан, жоспарлаусыз баруға болатын орындар аса құнды.
Жақсы жоспарланған қоғамдық кеңістіктер — орындықтар, алаңдар, кітапханалар, мәдени орталықтар — адамдарға тек демалып қана қоймай, қоғамның бір бөлігі екенін сезінуге көмектеседі. Бұл мегаполистерде, жалғыздық ауылға қарағанда көбірек сезілетін жерде өте маңызды. Мұндай тартылыс нүктелері қауіпсіз байланыс орнына айналып, әлеуметтік оқшаулануды азайтады.
Қаланың қауіпсіз әрі жайлы болуы да маңызды. Жарықтандыру, түсінікті бағыттар, қажет кезде оңашалану мүмкіндігі — мұның бәрі психикаға әсер етеді. Кешке үйге жалғыз қайтудан немесе саябақта жалғыз отырудан қорықпайтын адам өзін мүлде басқаша сезінеді.
Жаяу және велосипедпен жүретін ыңғайлы бағыттар — бұл тек экология немесе көлікке қолжетімділік мәселесі емес. Бұл күнделікті өмірге физикалық белсенділікті енгізудің жолы. Ал үнемі қимыл-қозғалыс көңіл-күйді жақсартып, мазасыздықты төмендетіп, күйзелістің алдын алуға көмектеседі.
Сондай-ақ жергілікті қауымдастықтар — көршілер чаттары, еріктілік жобалар, аудандық мәдени орталықтар — қолдау сезімін тудырады. Бұл сезім, зерттеулер бойынша, психологиялық тұрақтылықтың басты факторларының бірі.
Мұндай қалалық орта — бұл урбанистің арманы емес, тұрақты өмір сүрудің қажетті шарты. Қалада демалысқа, қауіпсіздікке, керек — жарақтарға және қалпына келуге арналған кеңістік неғұрлым көп болса — соғұрлым күйзеліс пен қажу аз болады.
Автор: Юлия Лебедева