Ауыл мектебінде ағылшын тілін үйретуге арналған нақты қадам

Жарияланды
SMM бөлімінің тілшісі
Коллаж: бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ауылда тұратын 9-сынып оқушысы Іңкәрдің арманы – әлемді аралап, дүниенің түкпір-түкпірінен достар тауып, кәсіп ашу. Сондықтан да болашақта туризм маманы болғысы келеді. Бірақ бұл арманына жету үшін шет тілдерін жетік білуі шарт екен.

Іңкәр мектепте ағылшын тілі пәні негізінен грамматиканы жаттаумен шектелетінін айтты. Практика жоқтың қасы. 

–  Сабақта мәтін аударамыз, сөз жаттаймыз. Бірақ ағылшын тілінде сөйлеп үйренуге жағдай жоқ. Мұғалімдер үйретуге тырысып, талпынса да практика жетіспейді. Кейде ағылшын тілінің сөздерін дұрыс айта алмай жатады, – деді Іңкәр.

Ол тілді YouTube пен Duolingo платформалары арқылы өз бетінше үйреніп жүр. Алайда ауылда интернет жылдамдығы өте баяу, онлайн платформаларға қосылу қиын. 

– Енді бір жағынан офлайнда адамдармен сөйлесіп, практика жасап үйренгім келеді. Егер шетелдік мұғалімдермен, волонтерлермен араласып, сөйлесуге жағдай болса, бұл өте жақсы болар еді, – деді ол.

Іңкәрдің оқиғасы – ауылдағы мыңдаған оқушыға ортақ жағдай

Іңкәр сияқты мыңдаған оқушы ағылшын тілін үйренгісі келеді, сол тілде қарым-қатынас жасайтын ортаға зәру, ал қолданыстағы жүйе олардың сұранысын толық өтей алмай отыр. 

Оқу-ағарту министрлігінің Kursiv Media-ға берген ресми жауабында: «Ағылшын тілі пәнін барлық мектепте бірыңғай мемлекеттік стандартпен оқытады» деп жазылған. Яғни ауыл мектептеріне арналған арнайы әдістеме жоқ, ағылшын тілін тереңдетіп оқыту да қарастырылмаған.

Инфографика: Кәмшат Қойшыбек

Ал Қазақстандағы 8 мыңға жуық мектептің 67%-ы ауылда орналасқан. Басым бөлігі – ресурсы, мұғалімдер, техникалық жабдығы шектеулі шағын жинақты мектептер. Мұндай мектептерде ағылшын тілі сабағын сапалы етіп өткізу – мұғалімдерге де қиын, оқушыларға да ауыр.

Мәселен, ағылшын тілі пәнінен сабақ беретін 32 500 мұғалімнің 16 538-і ауыл мектептерінде жұмыс істейді. 

Алайда олардың: 

— 152-сі ғана «педагог-шебер» санатына жатады,

— 9 423 мұғалімнің біліктілік санаты мүлде жоқ, – делінген Оқу-ағарту министрлігінің жауабында. 

Бұл сандар сапаның жайын анық аңғартады. Министрлік ауыл мектептерінде ағылшын тілін үйрету әдістемесін жетілдіріп жатқанын хабарлады. 

«Ауылдағы шағын жинақты мектептерде ағылшын тілі тірек мектептер арқылы аптасына бір рет қашықтан оқытылады. Сабақтарда қолданылатын оқулықтар мен әдістемелік құралдар Oxford, Cambridge, Express Publishing, Macmillan, MM Publications секілді халықаралық баспаларда әзірленген, жаңартылған мазмұн мен мемлекеттік стандарттарға сай келеді. Ағылшын тілі мұғалімдерінің біліктілігін арттыру үшін «Өрлеу» курстары, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы және волонтерлік жобалар жүзеге асырылып жатыр. Министрлік алдағы уақытта жаңа оқыту ресурстары мен NIS мектептерімен бірлескен бастамалар іске қосуды да жоспарлап отыр».

Инфографика: Кәмшат Қойшыбек

Әйткенмен, 2024 жылғы EF English Proficiency Index (EF EPI) рейтингінде Қазақстан 116 елдің ішінде 103-орында тұр. Бұл рейтинг сол мемлекеттегі халықтың ағылшын тілін білу деңгейін көрсетеді. 

Бала ағылшын тілін білудің пайдасын түсінуі қажет

Қостанай облысының Заречный ауылында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектепте ағылшын тілі пәнінен сабақ беретін Мұратбек Байдрахманов ауылда оқушылардың озық оқуға, ал мұғалімдердің кәсіби дамуға қол жеткізу мүмкіндігі шектеулі екенін айтты. 

Фото: Алмас Сұлтанбек / Мұратбек Байдрахманов, Заречный ауылы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектепте ағылшын тілі пәні мұғалімі

— Қалада оқушылар ағылшын тілін қосымша оқи алады. Мысалы, қосымша курстарға қатысады, интернеттен өзіне қажет ақпаратты алады және тіл ортасы бар. Ал ауылда бұған жағдай жоқ, қол қысқа, мүмкіндік өте шектеулі. Дегенмен ынталы оқушылар бар. Олармен жұмыс істеу үшін үлкен жауапкершілік пен мотивация қажет. Ал мұғалімдердің біліктілікті арттыру курстарына қатысуына, әдістемелік вебинарларға қосылуына мүмкіндігі көбіне болмай жатады. Кей мектептерде тіпті интерактив тақта жоқ, ал интернет жиі өшіп қалады, – деді ол.

Білім саласының сарапшысы, FURO-Білім беру саласын тұрақты дамыту қорында жоба жетекшісі Рүстем Әбілов ауыл мен қала тұрғындарының арасындағы өмір сүру айырмашылығы инфрақұрылымға ғана байланбағанын, бұған әлеуметтік және тұрмыстық ахуал да әсер ететінін айтты. 

C:\Users\Администратор\Desktop\WhatsApp Image 2025-06-04 at 01.30.03.jpeg
Фото: Алмас Сұлтанбек / Рүстем Әбілов, FURO-Білім беру саласын тұрақты дамыту қорында жоба жетекшісі

— Ауыл баласы мектеп жасына жетпей тұрып-ақ үй шаруасына кіріседі. Мал жаю, үй шаруасына көмектесу – олардың күнделікті тіршілігінің бір бөлігі. Ал қаланың баласы дайын инфрақұрылымда өмір сүреді, бос уақыты көп, жуынатын бөлмесі де үйінің ішінде. Үй тапсырмасын орындауға да уақыты бар. Мұндай тұрмыстық айырмашылық та теңсіздікке алып келеді, — деді сарапшы.

Фото: Алмас Сұлтанбек / Рүстем Әбілов, FURO-Білім беру саласын тұрақты дамыту қорында жоба жетекшісі

Ол мектептердегі оқу бағдарламасының жүктемесіне де тоқталды. 

«Бізде әзірленген оқу бағдарламалары CEFR (Common European Framework of Reference) деңгейлеріне негізделген. Бірақ сағат саны жағынан айырма көп. Мысалы, А1 деңгейіне жетуге 180 сағат оқыту қажет болса, бізде бұған тек 100 сағат бөлінген. Үш тілді оқыту қажеттілігі мен мектептегі оқу уақытының шектеуіне байланысты осылай боп отыр. Бізде 11 жылдық оқу жүйесі болса, әлемнің көптеген елінде 12 не 13 жылдық оқу жүйесі орнаған. Сондай-ақ елімізде оқу күндері де аз: орта есеппен 160 күн болса, Еуропада 180-190 күн. Бұл факторлар сағат санының аз болуына әсер етеді», — дейді Әбілов.

Ағылшын тілін үйренуге мотивация өте қажет. 

— Мектепте оқушылар ағылшын тілін не үшін оқып жатқанын түсінбейді. Мысалы, 5-сынып оқушысын шетелге апарып, әуежайда 15 минутқа жоғалтып алсаңыз, ол тілді не үшін оқып жатқанын түсініп, ертеңіне-ақ бар ынтасымен оқиды – деді Әбілов.

Оның пікірін ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Мұратбек Байдрахманов та қуаттайды. 

«Ауылда оқушылардың ағылшын тіліне деген қызығушылығы көбіне мұғалімге байланысты болады. Егер ол сабақты қызық етіп өткізіп, тілді шынайы өмірмен байланыстырып, балалардың көкейіндегі «Тіл үйрену маған неге керек?» деген сұраққа нақты жауап берсе, ынта пайда болады». Тілді үйренуге үлгілі тұлғалар, шетелде оқып келген ауыл түлектері не ағылшын тілін жетік меңгерген мұғалімдер ықпал ете алады. Олар – мотивация көзі. Оқушылар өзі сияқты ауылда өскен, бірақ ағылшын тілін үйреніп, үлкен мүмкіндіктерге қол жеткізген адамдарды көргенде, арманы да айқын бола бастайды, — деді мұғалім.

Мәселе бар, шешімі қайсы?

  1. MIT студенттері ауылда ағылшын тілін қалай үйретті?

2024 жылы Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауылында ерекше жоба іске асты. Бұл бастаманың артында туған жеріне тағзым еткен кәсіпкердің арманы тұр.

AITAS холдингінің басшылығы туған ауылына алғыс ретінде Массачусетс технологиялық институтының (MIT) студенттерін ауылға шақырды. Олар 1 ай бойы Қатонқарағайдағы Сейітқамза Ластаев мектебінде оқушыларға қосымша білім беріп, ағылшын тілі клубтары мен ғылыми үйірмелер ұйымдастырды. 

«Біз MIT-тің бір жобасына қатыстық. Бұл бағдарлама бойынша магистратура студенттері, яғни технология саласында білім алып, педагогикалық бағытты да меңгеріп жүрген жастар әлемнің түкпір-түкпірінде тәжірибеден өтеді. Осылайша, біз алғаш рет мемлекеттік мектепке MIT студенттерін алып келдік. Олар ағылшын тілінде клубтарын құрып, физика мен астрономияны сабақтастыра отырып, қызық сабақтар өткізді. Бұл ауыл үшін шын мәнінде өзгеше болды. Оқушылар білім алып ғана қоймай, қиялына ерік беріп, шабыт алды», – деді Тірек мектептерінің өкілі Рүстем Әбілов.

Жобаның ауыл мұғалімдері мен оқушыларға қалай әсер еткенін, қандай нәтиже бергенін мектеп директоры Гүлжан Төлегенова айтып берді. 

«Мектепте ағылшын тілі пәні орташа деңгейде оқытылады. Алайда жақсы нәтиже де бар. Мысалы, республикалық олимпиадада оқушымыз 2-орын иеленіп, грант жеңіп алды. IELTS халықаралық емтиханынан 7 балл жинағандар да болды. Ағылшын тіліндегі дебаттарға қатысып, облыстық деңгейде екінші орынды иелендік. Театр қойылымдарын ағылшын тілінде сахналау, аптаның бір күнін ағылшын тілінде сөйлесу күніне айналдыру сияқты жобалар іске асып жатыр», – деді ол.

Мұндай жобаларды басқа да мектептерде де іске асыруға болады. Бірақ шетелдік мұғалімдердің шығынын өтеу, жалақы төлеп, шалғай ауылдарға алдыруға қолдау қажет. 

«Бұл жоба – қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған бастамалардың бірі. Жақында өткен «Табысты менеджер» байқауында бұл бастамаға өзге ауыл мектептерінің директорлары үлкен қызығушылық танытты. Ағылшын тілін меңгеру деңгейін көтеру – ауыл мектептері үшін негізгі басымдықтардың бірі. Сондықтан халықаралық тәжірибесі бар мамандарды тартып, оқушылардың тілдік әлеуетін көтеру өте маңызды», – деді Төлегенова.

Тірек мектептерінің өкілі Рүстем Әбілов те бұл жобаның жақсы жаққа жетелегенін айтып, оқушылардың тек тіл деңгейі ғана емес, өмірге көзқарасы мен білімге құштарлығы артқанын айтты. 

«Балалармен жобаға дейін жеке сөйлескенде олардың болашаққа жоспары тек колледжбен шектелетінін байқадық. Назарбаев университетіне түсуді армандай бермейді. Біз осы жоба арқылы оларға әлем кең, мүмкіндіктер мол екенін көрсеткіміз келді. Олар MIT студенттерін көргеннен кейін ағылшын тілін оқуға құлшынысы артып, тіпті үздік университеттерден шақырту алып жатыр», – деді Рүстем Әбілов.

Сарапшы шетелдік мұғалімдерді ауылдағы оқушыларға тек сабақ берсін деп емес, жергілікті мұғалімдерге қолдау көрсету үшін де әкелгенін айтты.

«Мысалы, физика, химия, биология пәндерінің мұғалімдері ағылшын тілінде ғылыми материалдарды оқып, соны оқушыларға түсіндіре алатындай деңгейге жетсе дейміз», – деді сарапшы.

  1. «Мың шырақ» жобасының пайдасы

Қарағанды облысы, Осакаров ауданындағы Әлихан Бөкейхан атындағы тірек мектебі 2023 жылғы желтоқсанда «Мың шырақ» жобасы аясында ауыл оқушыларының әлеуетін дамытуға бағытталған ерекше білім беру жобасын іске асырды. 

Жоба аясында Назарбаев университетінің ерікті студенттері ауылға барып, мектепте бірнеше бағыт бойынша жұмыс істеген. Онда «Дебат клубы», «Эксперименттік клуб» және «Ағылшын тілінде сөйлесу клубы» болды. Ағылшын тілін үйрететін клубқа 120-дан аса бала қатысқан. Барлық сабақ интерактив форматта өтіп, оқушылар жоба әзірлеп, дебат жасаған.

Жоба барысында аталған мектеп басқа ауылдағы білім ордаларымен де байланыс орнатқан. Іс-шараларға Русская Ивановка, Шұңқыркөл, Уызбай және Ақпан ауылдарынан 40-тан аса оқушы қатысуға мүмкіндік алған. Бұл бастама нәтижесінде ауыл мектептерінің ұжымы үлкен тәжірибе жинады.

Фото: Әлихан Бөкейхан атындағы тірек мектебінің мұрағатынан

Әлихан Бөкейхан атындағы мектептің директоры Мара Ақмағамбетова еріктілердің жұмысы оқушыларға ғана емес, бүкіл мектеп ұжымына ерекше әсер қалдырғанын айтты. Мұғалімдермен де тығыз байланыс орнатқан еріктілер сабақтарға қатысып, арт-студия мен STEM-зертханасында тәжірибелік сабақтар өткізген. Химиялық препараттармен жүргізілген тәжірибелер де оқушыларды қызықтырыпты.

«Бізге келген студенттер өте жақсы жұмыс істеді. Оқушылар да олардың кеткенін қаламады. Көп баланы қамтыды, ерекше білім беру қажеті бар оқушылармен де белсенді жұмыс істеді. Денсаулығында ақауы бар балаларды сахнаға шығарып, фестиваль ұйымдастырды. Тіпті дискотека өткізді. Әр топпен жеке жұмыс жүргізіп, ағылшын тілін үш деңгейде – бастаушы, орта және еркін сөйлейтін оқушыларға қарай бейімдеп оқытты», – деді директор.

Оның айтуынша, ауылға университеттен 6 студент келген.

«Жоба аясында ағылшын тіліне қатысты қиындықтар тек оқушылардың бастапқы деңгейіне байланысты болды. Бірақ барлығы тілдік кедергілерді еңсеруге тырысты. Ауызекі сөйлеу, диалог құру, сұрақтарға жылдам жауап беру дағдылары айтарлықтай жақсарды. Екінші кезеңде келген ментордың орыс тілін жақсы меңгеруі оқушылармен қарым-қатынасты жеңілдетіп, үйрену процесін жеңілдетті Осылайша, тілдік ортада белсенділік артып, оқушылар тек пәндік біліммен шектелмей, шынайы коммуникация құру дағдыларын да меңгерді», – дейді Мара Ақмағамбетова.

«Мың шырақ» клубы ауылдағы оқушылардың өміріне тың серпін берген. Жобаны ұйымдастырушы Жанетта Әбдікерімова оқушыларға сапалы білім беруге тырысқанын айтты.

Фото: Әлихан Бөкейхан атындағы тірек мектебінің мұрағатынан

«Бұл үлкен жауапкершілік болды. Балаларды қимай, олармен жылап, құшақтасып қоштастық. Барлығы болашақта үлкен азамат болады деп сенемін. Олардың ағылшын тілін үйренуге деген ынтасы жақсы болды. Сондықтан еліміздің үздік университеттерінде оқып, білім алатынына сенімдіміз. Бізден алған кеңес пен тәжірибе өмір жолында көмегін тигізеді деп ойлаймын», – деді ол.  

Жоба ауыл мектептерінің әлеуетін арттырумен қатар, оқушыларға шабыт беріп, жаңа білім мен дағдыларды тәжірибе арқылы меңгеруге мүмкіндік ашқан.

  1. Ауылдарға интернет ауадай қажет

Ауылдарда сапалы білім беруді дамытудың тағы бір амалы – онлайн оқыту платформаларын пайдалану. Алайда бұған жылдамдығы жоғары интернет қажет.

2025 жылғы маусымның басында Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев алдағы 2 жылда 3 мыңнан аса ауылды жылдамдығы жоғары интернетке қосу көзделіп отырғанын айтты. 2027 жылдың соңына қарай ауылдардың 99%-ы жылдамдығы жоғары интернетке қосылады екен. 

Жаслан Мәдиевтің айтуынша, бұл білім алу, медицина мен мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. 

Ал бұл – Іңкәр сияқты оқушылардың онлайн-ресурстарға қол жеткізуі және тілдік практика мүмкіндіктерін кеңейтуіне үлкен қадам.

Түйін сөз

Жоғары жылдамдықты интернеттің келуі, MIT сияқты шетелдік университеттердің студенттерін ауылға шақыру, «Мың шырақ» секілді волонтерлік бастамалар – ауыл мектептеріндегі ағылшын тілінің сапасын арттырудағы нақты, тиімді қадамдар. 

Мұндай жобалар ауыл оқушыларының тіл үйреніп, сапалы білім алып, үлкен армандарына жетуіне көмектеседі. Қазақстан халқының ағылшын тілін білу деңгейінің көрсеткішін жақсартып, ауыл жастарының әлеуетін толық ашуға түрткі болады.

Бұл материал шешім журналистикасы жанрында Solutions Journalism Lab II жобасы аясында дайындалған және автордың жеке көзқарасын білдіреді.

Гүлбаршын Нұрхан, Kursiv Media

Сондай-ақ оқыңыз