Тоқаев Трамптың кедендік баж салығына қатысты хатына жауап қайтарды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президент Дональд Трамптың кедендік баж салығына қатысты хатына жауап берді. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
«Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптың Қазақстаннан импортталатын тауарларға баж салығын салу туралы хатына жауап жолдады», – делінген Ақорда хабарламасында.
Тоқаев Трампқа берген жауабында екі елдің сауда проблемасына қатысты ортақ мәмілеге қол жеткізе алатынына сенім білдірген.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Америка Құрама Штаттарының бұрыннан келе жатқан сенімді сауда әрі инвестициялық серіктес екенін ескере келе, бұл орайда әділ де түсінікті, өзара тиімді сауда байланыстарын дамытуға бейіл екенін атап өткен.
«Қазақстан Президенті сауда мәселелері бойынша рационалды шешім әзірлеу мақсатында еліміздің конструктивті диалогты жалғастыруға дайын екенін жеткізді», – деп хабарлайды президенттің баспасөз қызметі.
Трамптың хаты
Мұның алдында АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстаннан кіргізілетін тауарларға 25% көлемінде импорттық баж салығын енгізетінін хабарлап, Қазақстан президентіне хат жолдаған болатын.
Өз хатында Трамп тарифтердің 1 тамыздан бастап күшіне енетінін, Астанадан АҚШ тарифтеріне қарсы шара қолданбауды, мұндай жағдайда талап тіпті қатаңдай түсетінін ашық ескерткен.
Ал Сауда және интеграция министрлігі Трамптың тариф саясатының Қазақстан экспортының 95%-на еш әсер етпейтінін мәлімдеді. Ведомство Қазақстанның негізінен Америкаға мұнай, уран, күміс, ферроқорытпа, тантал, титан сынды стратегиялық шикізаттық тауарлар жетізетінен, мұндай тауар түрлеріне салық тарифі енгізілмегенін хабарлады.