Полиция Перизат Қайраттың изоляторда соққыға жығылғанын жоққа шығарды

Перизат Қайрат Астанадағы сот процесінде өзін тергеу изоляторы қызметкерлері соққыға жыққаны туралы айтты. Астана полициясы бұл мәлімдемеге жауап берді.
«9 маусымда тергеудегі Қайрат прокуратура органдарына арыз түсіріп, мекеме қызметкері камера есігін күштеп жапқан кезде оны есік арасына қысып, дене жарақатын келтіргенін мәлімдеген. Бұл арыз бойынша жинақталған материалдар Астана қаласы полиция департаментіне жолданып, қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр», – делінген ақпаратта.
Тергеу аясында мекеменің бейнебақылау камераларындағы жазбалар зерделеніп, қызметкерлер мен куәлардан жауап алынды.
«Алғашқы тергеу әрекеттерінің нәтижесі бойынша Перизат Қайрат мәлімдегендей, камера есігін жабу кезінде мекеме қызметкерлерінің оған дене жарақатын келтіруі туралы сөздері расталмады. Бұған Қайрат өз арызында көрсеткен оқиға сәтіндегі бейнебақылау жазбасы дәлел болып отыр», – деп мәлімдеді полиция.
Қазір қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, тиісті сараптама тағайындалды.