Спорттан бизнеске: Қазақстан спортшылары кәсіпкерлікке қалай келді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Спорттан бизнеске: Қазақстан спортшыларының табыс жолы / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстанда соңғы жылдары кәсіпкерлікке бет бұрған спортшылар саны артып келеді. Бұл үрдіс – тек табысты инвестиция жасау емес, спорттан кейінгі өмірін жаңа бағытта жалғастырудың амалы. Kursiv Media отандық спорттың жұлдыздары бизнеске қалай келгенін және нақты қандай жобалармен айналысып жатқанын ұсынады.

Геннадий Головкин: кәсіпкерлік пен спортты ұштастырған чемпион

Кәсіпқой бокстағы аңызға айналған есімдердің бірі – Геннадий Головкин өзінің мансабы барысында ғана емес, одан кейін де ерекше іскерлік шешімдерімен көзге түсіп жүр. Оның бизнестегі жолы стратегиялық инвестициялар мен халықаралық брендтермен серіктестіктерден басталды.

2016 жылы Головкин Қарағанды облысында көмір өңдеуге арналған өндірістік зауытқа инвестиция салды. Бұл жоба «KAZ Феррит» және «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесе жүзеге асырылды. Зауыттың жылдық қуаттылығы 500 мың тоннаға дейін жетеді, ал кәсіпорынның ашылуы өңірде 150-ден астам жаңа жұмыс орнының пайда болуына ықпал етті. Бұл инвестиция – Головкиннің отбасылық тамыры мен туған өлкесіне деген құрметінің көрінісі. Айта кетейік, оның әкесі шахтада еңбек еткен.

Головкин өз брендін де сәтті дамытып келеді. Оның есімімен байланысты «GGG Promotions» компаниясы арқылы боксшыларға промоутерлік қызмет көрсетіледі. Бұған қоса, DAZN платформасымен келісімшартқа отырып, трансляциялық құқықтар арқылы табыс табудың жолын тапты. Халықаралық деңгейдегі Hublot, Apple Watch және Air Jordan сынды ірі брендтермен серіктестік орнатып, өзінің есімін жаһандық нарықта брендке айналдырды.

2020 жылы Головкин DAZN платформасында әлемге әйгілі футболшы Криштиану Роналдумен бірге жарнамаға түскен еді.

фото: ашық дереккөз

Қазіргі таңда Генадий Головкин Ұлттық Олимпиада комитетін басқарады. Боксшы бұл қызметке тағайындалған кезде айлығына қатысты түрлі қауесет ақпараттар тараған еді. Алайда Ұлттық Олимпиада комитеті Головкин бұл қызметте айлық алмайтынын мәлімдеген еді.

Илья Ильин: ауыр атлетикадан басқаруға дейінгі жол

Ауыр атлетикадағы аты аңызға айналған спортшы Илья Ильин де спорттан кейінгі өмірін ойластырған азаматтардың қатарында. Өзінің беделін тек жеке пайда үшін емес, салауатты өмір салтын насихаттау мен спортты басқару саласына бағыттауды жөн көрді.

2020 жылы Қызылорда қаласындағы «Мұз айдыны» спорт кешенінің директоры болып тағайындалған Илья бүгінгі таңда өңірдегі спорт инфрақұрылымын дамыту ісіне белсене араласып жүр.

Сонымен қатар, Илья Ильин авторлық фитнес бағдарламасын жасап, онлайн және офлайн режимде жаттығу жүйесін іске қосты. Бұл бағдарлама – тек кәсіби спортшыларға емес, қарапайым азаматтарға да бағытталған. Жоба аудиториясы – кең ауқымды: жастар, кәсіпкерлер, тіпті мемлекеттік қызметкерлер де бар.

Жарнама мен маркетинг саласында да Ильин белсенді. Ол 2015 жылдан бері LG Electronics Kazakhstan компаниясының ресми амбассадоры болып келеді. Бұл серіктестік оған қосымша танымалдылықпен қатар, тұрақты табыс көзіне айналды.

Қазіргі уақытта спортшы түрлі әлеуметтік жобалар мен турнирлер ұйымдастыру арқылы өзінің қоғамдағы белсенділігін арттырып жатыр. «Ilyin Iron Cup» атты жеке жарыс өткізуді дәстүрге айналдырған.

Бақтияр Артаев: Олимпиада чемпионы және мейрамхана иесі

Қазақстанға 2004 жылы Афина Олимпиадасындағы алтын жүлдесімен танымал болған боксшы Бақтияр Артаев спорттан тыс салада да өзін сынап көрген танымал спортшы. Кәсіби рингтен кейін тек спортпен шектелмей, кәсіпкерлік бағытта өзін сынап көрді.

2024 жылдың шілде айындағы мемлекеттік мәліметтерге сүйенсек, Артаевтың атында «ИП Pablo» жеке кәсіпкерлігі Тараз қаласында тіркелген еді. Бұл кәсіпорын «Pablo» мейрамханасы атауымен белгілі. Мейрамхана Артаевтың туған қаласында, жергілікті халық арасында танымал орындардың бірі.

фото: bakhtiyar_artayev

Қазіргі уақытта Бақтияр Артаев Қызылорда облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметін атқарып жүр. Өңірлік деңгейде спорт инфрақұрылымын дамыту, бұқаралық спортты насихаттау және балалар спортын қолдау бағытында ауқымды жұмыстар атқарып келеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін тағы бір боксшы Серік Қонақбаевтың мұнайлы миллионерге қалай айналғаны туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз