Алматыда өрт сөндіруге барған мамандардың техникасы істемей қалған

Алматыда әл-Фараби даңғылы мен Назарбаев даңғылының қиылысында көлік өртенді. Оқиға туралы хабар 9 шілде сағат 15:39-да түскен.
Оқиға орнына барған өрт сөндірушілердің техникасында кідіріс болған, яғни өрт сөндіретін сұйықтық болмай шыққан.
Қаланың төтенше жағдай департаментінің хабарлауынша, сағат 15:41-де «112» жүйесінің бейнебақылау камералары көліктің толықтай өртке оранғанын тіркеді.
«Бұл хабарламаның кеш түскенін және жүргізушінің өздігінен өртті сөндіруге тырысқан болуы мүмкін екенін көрсетеді. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенде «Газель» маркалы көліктің 7 шаршы метр аумақта өртеніп жатқанын байқады. Өрт оқиға орнына келген соң 6 минуттан кейін сөндірілді», – делінген ақпаратта.
Өрт сөндіру барысында техникалық кідіріс болған. Департаменттің хабарлауынша, бұл өрт сөндіруге әсер етпеген, себебі көлік оған дейін толықтай отқа оранған.
Жарақат алғандар жоқ, басқа көліктерге зақым келмеген.
Айта кетейік, бұған дейін департамент газды жабдығы бар автомобильдерді пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау, жүйеге үнемі техникалық қызмет көрсету қажет екенін ескертті.