Алакөл туристерді қабылдауға дайын емес: Тоқаев өңір әкімдерінің жұмысын сынға алды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Тоқаев Алакөлде тиісті жұмыс жүргізбеген әкімдердің жұмысын сынға алды
Тоқаев Алакөлде тиісті жұмыс жүргізбеген әкімдердің жұмысын сынға алды / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Артур Алескеров

Биыл Алакөлде туристерді қабылдауға қатысты дұрыс жағдай жасалмаған. Өңірдегі жанармай бекеттерінде жанармай жоқ және кептеліс күшейген. Әлеуметтік желіде өңірде қалыптасқан жағдайға қатысты видеолар тарады. Бұл мәселеге президент Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударған.

«Мемлекет басшысы халықтан келіп түскен көптеген шағымға байланысты Алакөл маңындағы әйгілі туристік аймақтың демалушыларды қарсы алуға дайындығы төмен екеніне Үкіметтің назарын аудард», – делінген Ақорда хабарламасында.

Президент танымал туристік аймақтың қажетті туристік инфрақұрылыммен қамтылмағанын, қызмет көрсету мен қауіпсіздік деңгейі де нашар екенін атап өткен.

Тоқаев өңірде қалыптасқан проблемаларды тез шешуді тапсырған. Президент тапсырмасына сәйкес, үкімет қысқа мерзімде елдегі барлық туристік бағыттардың жағдайын реттеп, осындай олқылықтарға жол берген лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартуы керек.

Еске сала кетсек, Астана күні қарсаңында елдің демалыс аймақтарына барған халық саны артты. Көпшілік жанармай бекеттерінде бензин тапшы екенін, күн ыстықта сағаттап кептелісте тұруға мәжбүр екенін айтып, әлеуметтік желіде шағымдарын айтып жатты.

KursivMedia редакциясы 2024 жылы Алакөл инфрақұрылымы жайлы видео әзірлеп, өңір проблемасын көтерген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз