«Самұрық-Энергоның» еншілес компаниясы бюджетке 777 млн теңге төлейді

«Богатырь Көмір» компаниясы корпоративтік табыс салығын (КТС) төмен мөлшерлемемен есептегені үшін бюджетке 777 млн теңге төлеуі тиіс.
Қазақстандағы ең ірі көмір өндірушілердің бірі КТС-ті заңда белгіленген мөлшерлемеден төмен есептеген. Бұл туралы Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің тексеру қорытындысына сілтеме жасап, облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Тексеріс барысында компания 15% орнына 5% мөлшерлеме қолданғаны белгілі болды. Осыған байланысты салық органдары кәсіпорынға 777 млн теңге көлемінде КТС-ті қайта есептеп төлеу туралы хабарлама жіберген.
Алайда «Богатырь Көмір» бұл шешіммен келіспей, сотқа жүгініп, бірінші сатыдағы сот салық органдарының талабын жойған. Бұған жауап ретінде Павлодар облысының прокуратурасы апелляциялық шағым беріп, облыстық сот алғашқы шешімді өзгертіп, салықты қосымша есептеу заңды деп таныды.
Қазіргі таңда шешім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Компанияның құрылтайшылары кім?
«Богатырь Көмір» ЖШС-ның 50% үлесі Ресейлік «РУСАЛ» мен қазақстандық «Самұрық-Энерго» компанияларына тиесілі.
Екібастұз өңіріндегі ең ірі көмір өндіруші кәсіпорындардың бірі. Компания «Богатырь» және «Северный» кен орындарын игеріп, ішкі нарықпен қатар экспортқа да көмір жеткізеді.