Болашақтың ақшасы: Bitcoin бағасы биыл қалай өзгерді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Bitcoin
Bitcoin бағасы 2025 жылы 20 пайызға қымбаттады / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Бір кездері интернеттегі ойынқұмар хакерлер мен программистердің ермегі саналған биткоин бүгінде әлемдік қаржы жүйесіне ықпал ете алатын күшке айналды. «Цифрлық алтын», «болашақтың ақшасы» деп аталып жүрген бұл криптовалюта туралы соңғы жылдары естімеген жан кемде-кем. Ендеше, Bitcoin криптосының қайдан шыққаны, қалай дамығаны және 2025 жылы бағасы қалай өзгергеніне тоқталайық.

Биткоин қалай пайда болды?

Бәрі 2008 жылы басталған. Әлем қаржы дағдарысынан ес жия алмай жатқанда, Сатоши Накамото деген бүркеншік атпен танылған адам (немесе адамдар тобы) биткоин жүйесін сипаттайтын ғылыми мақаласын жариялады.

Онда үшінші тарап, яғни, банк немесе делдалға жүгінбей-ақ ақша аударуға мүмкіндік беретін жүйе сипатталған еді. Бұл жаңалық ақша мен технологияның түйіскен жаңа дәуірін бастап берді.

2009 жылы алғашқы биткоин транзакциясы өтіп, желі жұмысын бастады. Ол кезде бір биткоиннің бағасы небәрі 1 центке де жетпейтін еді. Бірақ арада он шақты жыл өтпей жатып, биткоин миллиондаған адамның назарын аудартты.

Биткоин несімен ерекше?

  • Оны ешбір үкімет, орталық банк немесе компания басқармайды. Ол – бүкіл әлемге тараған мыңдаған компьютер арқылы жұмыс істейтін жүйе.
  • Биткоин саны шектеулі – бар болғаны 21 млн дана. Бұл – оны алтын сияқты құнды ететін басты себептердің бірі.
  • Барлық операциялар ашық блокчейнде жазылады, оны кез келген адам қарап шыға алады.
  • Криптографиялық жүйе арқылы қорғалғандықтан, оны бұзу немесе қолдан жасау өте қиын.

2025 жыл биткоин үшін жаңа тарихи биіктермен есте қалмақ. Жыл басынан бері әлемдегі ең танымал криптовалюта – биткоиннің бағасы шамамен 20 пайызға өсті. Жыл басында Bitcoin 93.7 мың доллар болған.

Ад 22 мамырда оның құны 111 970 АҚШ долларына жетіп, жаңа рекорд орнады. Қазір биткоин 111- 112 мың доллар аралығында тербеліп тұр.

Баға неге өсті?

Биткоин бағасының мұншалықты көтерілуіне бірнеше маңызды факторлар әсер етті. Ең бастысы – институционалдық сұраныстың артуы. 2024 жылдың соңынан бастап АҚШ-тағы ірі инвестициялық компаниялар (BlackRock, Fidelity, т.б.) биткоинге арналған ETF (биржалық қорлар) құра бастады.

Бұл құралдар қарапайым инвесторларға биткоинді биржа арқылы сатып алуға мүмкіндік беріп, нарыққа миллиардтаған доллар ағынын қамтамасыз етті. Сарапшылардың бағалауынша, ETF арқылы нарыққа 14 млрд доллардан астам қаражат келіп түскен.

Сонымен қатар, макроэкономикалық жағдайлар да биткоинді қолдады. АҚШ-тағы пайыздық мөлшерлемелердің тұрақтануы, инфляцияның баяулауы және экономикалық белгісіздіктің күшеюі инвесторларды дәстүрлі емес активтерге, соның ішінде биткоинге бет бұрғызды.

Bitcoin криптовалютасына нарықтың құбылуы қалай әсер етеді

Дегенмен, биткоин бағасы тұрақты өсіп жатқанымен, қысқа мерзімде айтарлықтай ауытқулар да болды. Мәселен, шілденің басында АҚШ пен Қытай арасындағы сауда шиеленісі мен жаңа тарифтерге қатысты жаңалықтардан кейін BTC бағасы 108 000 доллардан төмен түсіп кеткен еді. Алайда бірнеше күн ішінде қайта қалыпқа келіп, 110 000 доллар шегіне оралды.

Сарапшылардың айтуынша, бұл құбылмалық — криптовалюта нарығына тән нәрсе. Алайда техникалық және іргелі факторлар ұзақмерзімді өсу трендінің сақталғанын көрсетіп отыр.

Болжам қандай?

CoinDesk-тің талдаушылары 2025 жылдың екінші жартысында биткоин бағасы 140 000 долларға дейін өсуі мүмкін деп болжайды. Ал Changelly, TradingEconomics және Binance сынды платформалар жыл соңына дейінгі орташа бағамды 109 000–111 000 доллар аралығында болады деген болжам жасайды.

Институционалдық сенімнің артуы мен биткоиннің цифрлық актив ретінде мойындалуы оның құнын әлі де жоғары деңгейге жеткізуі мүмкін. Дегенмен, нарықтағы кез келген инвестиция секілді, тәуекелдер мен құбылмалылықты ескерген жөн.

    Сондай-ақ оқыңыз