«Ордабасы» және «Ақтөбе»: Еурокубок матчтарын тікелей эфирде қайдан көруге болады?

10 шілде, бейсенбі күні, Қазақстанның екі бірдей командасы — Шымкенттік «Ордабасы» мен «Ақтөбе» 2025/26 маусымындағы Еурокубоктық ойындарын бастайды. Алғашқы кезеңде қос ұжым сырт алаңда ойнайды.
«Торпедо» – «Ордабасы»: Конференциялар лигасындағы алғашқы сынақ
Шымкенттің «Ордабасы» командасы УЕФА Конференциялар лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде Грузияның Кутаиси қаласындағы «Торпедо» клубымен кездеседі. Қос команданың алғашқы ойыны 10 шілде күні, сағат 21:00-де Рамаз Шенгелия атындағы стадионда өтеді. Жауапты матч бір аптадан кейін Шымкентте өтеді.
Екі матчтың қорытындысы бойынша жеңіске жеткен команда екінші іріктеу кезеңіне жолдама алады. Ал ұтылған ұжым Еурокубоктық маусыммен қош айтысады.
Айта кетейік, «Ордабасы» өткен маусымда Қазақстан Премьер-лигасында төртінші орын алған болатын. Ал «Торпедо» Грузия чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Биылғы маусымда шымкенттік команда Премьер-лигада жетінші орында болса, грузиндік клуб бесінші сатыда келеді.
Бұл қос команда бұған дейін 2019 жылы Еуропа лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде кездескен. Ол кезде «Ордабасы» екі кездесуде де жеңіске жеткен еді: Шымкентте – 1:0, Кутаисиде – 2:0.
Кездесуді тікелей эфирде «Qazsport» телеарнасы көрсетеді.
«Легия» – «Ақтөбе»: Еуропа лигасының іріктеу кезеңі
Қазақстан Кубогының қазіргі иегері және Премьер-лиганың былтырғы қола жүлдегері «Ақтөбе» Еуропа лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде Польшаның «Легия» командасына қарсы ойнайды. Польша құрамасының да ел кубогын иеленіп отырғанын ескерсек, бұл жұптың кездесуі қызықты өтетіні анық.
Бірінші ойын 11 шілдеге қараған түні (Қазақстан уақыты бойынша 00:00-де) Варшавадағы маршал Юзеф Пилсудский атындағы стадионда өтеді. Жауапты матч Ақтөбеде 18 шілдеде, сағат 21:00-де басталады.
Жеңіске жеткен ұжым Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңіне өтеді. Ал ұтылған команда Конференциялар лигасының келесі кезеңіне жол тартады.
Бұған дейін бұл командалар 2014 жылы Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде кездескен. Ол кезде «Легия» екі ойында да басым түскен: Ақтөбеде – 1:0, Варшавада – 2:0.
«Ақтөбе» биылғы маусымда Қазақстан Премьер-лигасында үздік үштікте келе жатыр. Ал «Легия» Польшаның өткен маусымын бесінші орынмен аяқтаған. Жаңа маусым Польшада енді ғана басталды.
Бұл ойынды да «Qazsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Қайрат» футбол клубы Словенияның «Олимпия» командасымен ойнап, тең түскен еді. Алматылықтардың сапында жалғыз голды Дастан Сәтбаев салып, Чемпиондар лигасының рекордын жаңартқан еді.