Шымкентте жаңа мектептің спорт залы апатты жағдайда тұр

Шымкенттегі №125 мектептің пайдалануға берілгеніне 8 жыл болды. Ал мектептің спорт залы апатты жағдайда деп танылғанына 1 жылға жуықтаған. Десе де онда не жөндеу жүрмеген, сүрілмеген, не қауіпсіздік шаралары сақталмаған.
Мектеп әкімшілігі өткен оқу жылында оқушылар толыққанды дене шынықтыру сабағын оқи алмады деп налиды. Егер осылай созбалаңға салынса, биылғы оқу жылында қайғылы жағдай бола ма деп алаңдайды. Бұл мәселеден қалалық білім басқармасы мен қалалық құрылыс басқармасы хабардар.
Апатты спорт зал
№125 мектеп директорының шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары Өмірзақ Керімбековтің айтуынша, спорт залдың көлемі 600 шаршы метр. Зал едені шамамен 15 сантиметрге түсіп кеткен. Қабырғалары ашылып, жарылып тұр.
«Қазіргі жайы апатты жағдайда. Өйткені күн өткен сайын қабырғасы жарылған жерлері көбейіп барады. Едені түсіп кеткен. Бұл жерге бала кіруге болмайды», – дейді ол.
Керімбеков 2021 жылдан бері спорт залдың қауіпті жағдайда тұрғаны жөнінде мектеп әкімшілігі тиісті орындарға шағым түсіргенін айтады. Арнайы сараптама да тағайындатқан. Нәтижесінде 2024 жылдың тамыз айында спорт зал апатты жағдайда деп танылған.
Спорт зал мектеп қабырғасына жалғасып тұр. Апатты деп танылғанымен жан-жағына ешқандай қоршау қойылмаған. Мектеп әкімшілігі сараптама қорытындысы шықса да, әлі күнге залдың жөндеу көрмегеніне наразы. Олар құрылыс басқармасы қағазбастылыққа салынып жүргенде қайғылы жағдай орын ала ма деп алаңдайды.
«Қай кезде осы қабырға құлап кетеді екен, қандай да бір апатты жағдай болып қала ма екен деген уайыммен жүрміз. Өткен оқу жылында мектебімізде спорттық ойындар, дене шынықтыру сабақтары спорт залда өтілмеді. Себебі өзіңіз көріп отырсыз апатты жағдайда тұр. Балаларды мұнда кіргізуге болмайды. Балалардың өмір қауіпсіздігі біз үшін өте маңызды. Амал жоқ сабақтар сыныпта өтілді. Күн жылы кезде, ауа-райы жауын-шашынсыз кезде ғана мектеп жанындағы кіші спорт алаңда сабақ өтті. Ауа райы қолайсыз кезде стол ойындары ретінде сыныптарда өтілді. Бұл үшін қаншама ата-ана шағымданып келді. Біз де оқушылардың толыққанды спорт сабағын толыққанды өткенін қалаймыз», – дейді №125 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ләззат Әжібекова.
Басқарма не дейді
Қалалық құрылыс басқармасы мен қалалық білім басқармасы мектеп спорт залының бүгінгі күйімен етене таныс. Құрылыс басқармасы спорт залдан ақау 2021 жылы анықталғанын айтады. Басқарма мектепті салған мердігер компанияға бірнеше ескертпе хат жолданған.
Десе де мердігер компания апатты жағдайда тұрған спорт залды қалыпқа келтірмеген. Басқарма мердігер компанияға тиісті шара қолдануды сұрап, қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына шағым түсірген. Компанияның лицензиясын қайта қарауды сұраған. Ал спорт зал апатты деп танылғанымен, басқарма қайта сараптама тағайындаған.
«Спорт залы апатты емес, күрделі жөндеуге, яғни іргетастары мен қабырғаларына жөндеу қажет деп санаған. Қазіргі таңда спорт залдың жертеліміне геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Зерттеу нәтижесіне сай шешім қабылданады», – дейді қалалық құрылыс басқармасының бас маманы Бақыт Тұрдиев.
Маманның айтуынша, зерттеу жұмысына 1 ай шамасында уақыт кетеді. Зерттеу қорытындысына сай күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі не жоба қайта қаралады.