Шымкенттегі «апатты жағдайдағы» мектептің жайы не болды

Жарияланды
Фото: Дилара Иса

Шымкенттегі «апатты жағдайда деп танылған» №125 мектептің спорт залына күрделі жөндеу жүргізілетін болды. Бұл туралы қалалық ішкі саясат басқармасы мәлімдеді.

Басқарманың хабарлауынша, Қайнарбұлақ тұрғын алабында орналасқан №125 мектеп 2017 жылы пайдалануға берілген. Мектеп 1200 оқушыға шақталған.

«2018 жылдан бастап осы оқу орнының спорт залы корпусында қабырғаларда жарықтар пайда бола бастады. Бұл мәселенің туындау себептерін анықтау мақсатында мектеп әкімшілігі спортзал іргетасының түбінен 1,5 метр тереңдікте қазба жұмыстарын жүргізді. Тексеру барысында ылғалды топырақ пен жиналған су анықталды. Қазылған жердегі жиналған су зертханаға жіберілді. Талдау нәтижесінде оның жер асты сулары екені анықталды», – делінген басқарма хабарламасында.

Мектеп әкімшілігінің мәліметінше, 2024 жылы бюджет есебінен техникалық сараптама тағайындалған. Нәтижесінде, спорт зал апатты деп танылған. Десе де қалалық құрылыс басқармасы қосымша қайта техникалық сараптама жүргізген. Оның нәтижесі бойынша спорт залға күрделі жөндеу жүргізуге болатыны жөнінде қорытынды шыққан.

«Аталған мәселе ғимараттың техникалық жағдайына, оқушылардың қауіпсіздігі мен оқу процесінің сапасына тікелей әсер ететінін ескере отырып, мектеп құрылысын жүзеге асырған мердігер ұйым есебінен спорт залына күрделі жөндеу жүргізу туралы шешім қабылданды. Күрделі жөндеуді 2025 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланып отыр»,  – деп жазылған Шымкент қалалық ішкі саясат басқармасының хабарламасында.

Бұдан бұрын №125 мектеп әкімшілігі спорт залдың апатты жағдайда деп танылғанына 1 жыл өтсе де жөндеу жүрмегенін, сүрілмегенін, не қауіпсіздік шаралары сақталмағанын айтып дабыл қаққан еді. Олар өткен оқу жылында оқушылар толыққанды дене шынықтыру сабағын оқи алмады деген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз