Қайрат Сатыбалды қайтарған ақша мен дүние-мүлік қайда жұмсалды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Қайрат Сатыбалды
Қайрат Сатыбалдыдан 733 млрд теңгенің дүние-мүлкі тәркіленген /Коллаж: kursiv.media

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, ҰҚҚ-ның бұрынғы генералы Қайрат Сатыбалдыдан жалпы құны 733 млрд теңгенің дүние-мүлкі тәркіленген. Jibek Joly TV арнасының «Правда в деталях» бағдарламасында Қайрат қайтарған қаржы мен құнды активтер қайда жұмсалғаны айтылады.

«Қаңтардан» кейін Қайраттың басынан «бақ тайды»

Қайрат Сатыбалдыға 2022 жылы «Қаңтар» оқиғасынан кейін, көктемде «ірі көлемде қаржы жымқырды» және «өкілеттігін асыра пайдаланды» деген айып тағылып, қамауға алынған.

26 қыркүйек 2022 жылы Астана соты оны алты жылға бас бостандығынан айырған еді. Алайда 2024 жылы жиған-терген байлығын өз еркімен қайтарып, сотқа толық мәлімет беріп, тергеуге көмектескені үшін қалған мерзімі (3,3 жыл) бас бостандығын шектеумен алмастырылды. Қазіргі кезде Сатыбалды бақылаумен үй қамақта отыр.

Сатыбалдыдан қандай дүние-мүлік қайтты?

Қайрат Сатыбалдының заңсыз жолмен тапқан активтерін қайтару процесі былтыр тамыз айында аяқталған. Ол мемлекетке жалпы құны 732,8 млрд теңгені құрайтын дүние-мүлікті өткізді.

Соның ішінде:

  • 46 пайызы – отандық және шетелдік есепшотта жатқан қаржы;
  • 27 пайызы – қазақстандық активтер;
  • 14 пайызы – эксклюзив қымбат әшекейлер;
  • 13 пайызы – «Қазақтелеком» компаниясы акцияларының үлесі.

Қайтарылған қаржының жапы көлемі 732 млмн долларды құраған. Оның 661,5 млн доллары шетелдегі жылжымайтын мүлік пен шетелдік шотта жатқан ақша. Ал 36,1 млн доллары қазақстандық банктерде сақталған.

Жалпы құны 446 млн долларды құрайтын қазақстандық активтерінің арасында жылжымалы және жылжымайтын мүлік (355,2 млн доллар), «Көлік сервисі орталығы» АҚ-ның және 4 компанияның үлесі (90,7 млн доллар) бар.

Сатыбалды 230 млн доллар тұратын қымбат әшекейлерді де қайтарған. Ал «Қазақтелеком» компаниясының 28,8 пайыз акциясы 210 млн долларға бағаланған.

Сонымен қатар 13 үй, 10 ғимарат, 13 жер телімі, 4 пәтер, 3 құрылыс нысаны, 2 медресе, 2 автотұрақ, 25 үй-жай, 1 құрылысы аяқталмаған нысан мемлекет меншігіне өтті. Қайтарылған нысандардың құны 3,2 млрд теңгеден басталып, 33,5 млрд теңгеге жеткен.

Сондай-ақ мемлекетке 29 автокөлік өткен, олардың арасында Bentley, Lexus, Mercedes сияқты люкс маркалар бар.

Бұл активтерді енді кім басқарады?

Бұл активтердің барлығы 100 пайыз мемлекетке қарайтын «Қайтарылған активтерді басқару компаниясының» иелігіне өтті.

Қайтарылған активтерді сату және жалға беруден түскен ақша арнайы меллекеттік қордың есепшотына құйылып, әлеуметтік нысандар құрылысына жұмсалады.

Тәркілеген дүние-мүліктің бір бөлігі мемлекеттік ұйымдардың пайдалануына берілген. Мәселен, Алматыдағы «Қайсар Тауэрс» бизнес-орталығы ірі ЖОО-ның корпусына айналды.

Ал Ақмола облысының Барап ауылындағы 135 гектар жерде орналасқан, жалпы аумағы 1500 шаршы метрді құрайтын резиденция Астана білім бөлімінің иелігіне өтті. Ғимарат енді балалар сауықтыру лагері болды. Астананың Шұбар ауданындағы зәулім сарай – енді әлеуметтік-медициналық кеңес беретін орталықтың ғимараты.

Ал құны 800 млн теңгеден асатын ғимарат Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына берілді.

Алматыдағы мәдени орталық, Шымкент қаласындағы әлеуметтік тұрғын үй де қайтарылған қаржының есебінен салынып жатыр.

230 млн долларға бағалаған әшекей бұйымдардың басым бөлігі 2024 жылы аукционда сатылған. Одан түскен қаржы білім мен әлеумет, инфрақұрылым жобаларына жұмсалды.

Сондай-ақ оқыңыз