Әуежайда полицейлерге сес көрсеткен алматылық сотталды

Алматылық азамат елорда әуежайында полицейлерді қорқытып, балағат сөздер айтқаны үшін сотталды. Бұл туралы Бас көлік прокуратурасы хабарлады.
Ресми ақпаратқа сәйкес, елорда әуежайында Алматы тұрғыны ұшаққа кешігіп келіп, агрессивті мінез көрсеткен. Әуежай аумағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынудан бас тартқан.
«Тергеу барысында ер адамның полицейлердің талаптарын елемей, оларға балағат сөздер айтып, денсаулыққа зиян келтіремін деп қорқытқаны анықталды. Оның әрекеті билік өкілдеріне қарсы қылмыс ретінде бағаланды», – делінген ақпаратта.
Сот барысында мемлекеттік айыптаушы кінәні дәлелдейтін бұлтартпас айғақтар ұсынған. Соңында сот ер адамды кінәлі деп танып, 1 жыл 1 ай мерзімге бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады.
Сот үкімі заңды күшіне енді.