Базалық мөлшерлеме жыл соңына дейін өзгермеуі мүмкін – Сүлейменов

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Сүлейменов
Сүлейменов базалық мөлшерлемеге қатысты болжамын айтты / Фото: ҚР Ұлттық банкі

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, базалық мөлшерлеме 2025 жылдың соңына дейін қазіргі деңгейінде қалуы әбден мүмкін. Бұл шешім ішкі және сыртқы макроэкономикалық жағдайларға байланысты, дегенмен қазіргі болжамдар осындай.

«Қазіргі таңда базалық мөлшерлемені өзгертуге негіз жоқ. Әрине, біз экономикалық жағдайды мұқият бақылауда ұстаймыз. Бірақ әзірге жағдай мөлшерлемені сол деңгейде қалдыруды талап етіп отыр», — деді Сүлейменов.

Ұлттық банк басшысы атап өткендей, елімізде инфляция қысымы сақталып отыр. Алайда ол болжанған дәлізден аспауы тиіс. 2025 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 10,5–12,5% деңгейінде болады деген болжам бар.

Сүлейменов инфляцияның жоғары болып қалуына бірнеше негізгі фактор әсер етіп отырғанын айтты. Олар — ішкі сұраныстың тұрақты түрде жоғары болуы, мемлекет тарапынан бюджеттік қолдаудың жалғасуы, тұтынушылық несиелеудің белсенділігі және халықтың инфляциялық күтулерінің сақталуы. Бұдан бөлек, тариф, баға және салық-бюджет салаларындағы реформалар да баға өсіміне ықпал етеді.

«Осы жағдайларды ескере отырып, ақша-кредит саясатының қатаң бағытын ұзақ уақыт бойы ұстануымыз керек болады», — деп атап өтті Ұлттық банк басшысы.

Сондай-ақ ол тұтынушылық кредит беру нарығын «салқындату» бағытындағы шаралардың әсері алдағы уақытта күшейе түсетінін айтты. Бұл да инфляцияны тежей түсуге сеп болады.

«Инфляцияны қалыптастырып отырған факторлардың тепе-теңдігі, баға өсімінің қарқыны, проинфляциялық үрдістер және сыртқы ортадағы белгісіздік – осының бәрі базалық мөлшерлемені қазіргі деңгейде 2025 жылдың соңына дейін сақтау қажетін көрсетіп отыр», — деп түйіндеді Сүлейменов.

Осылайша, бас банк инфляцияны тежеу мақсатында қазіргі саясатты сақтап, қажет болған жағдайда қосымша шектеу шараларын қабылдауы мүмкін.

11 шілдедегі шешімінде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені үшінші рет 16,5 пайыз деңгейінде қалдырды.

Сондай-ақ оқыңыз