Полиция ескертуі: Қазақстан халықаралық жүргізуші куәлігін бермейді

Алматы қалалық полиция департаменті азаматтарды халықаралық жүргізуші куәлігін беруге уәде ететін компаниялардан сақ болуға шақырды. Өйткені Қазақстанда мұндай куәлік берілмейді.
Алматы қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасы процессинг орталығының бастығы Айдын Меркімбаевтың түсіндіруінше, «Ішкі істер органдары туралы» Заңның 6-бабына сәйкес, жүргізуші куәліктерін, оның ішінде халықаралық куәліктерді беру ішкі істер органдарының айрықша құзыретіне жатады.
«Бүгінгі күні Қазақстан Республикасында халықаралық жүргізуші куәліктері берілмейді. Азаматтардың күмәнді онлайн-сайттар немесе жеке фирмалар арқылы куәлік рәсімдеуге берген өтініштері заңды күшке ие емес. ХЖК ұлттық жүргізуші куәлігінің орнын баспайды, тек оның ресми аудармасы саналады», делінген полиция хабарламасында.
Полиция департаменті, азаматтарды сақ болуға және алаяқ делдалдардың арбауына түспеуге шақырады. Күмән туындаған жағдайда азаматтарға аумақтық ішкі істер органдарына жүгініп, толық ақпарат алуға кеңес береді.
Бұған дейін, алаяқтар жарты жылда қазақстандықтардың 25 млрд теңгесін ұрлағаны хабарланған.