Айман Мұсақожаева қайта ректор болу үшін алаяққа 200 мың доллар төлеген бе?

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Айман Мусаходжаева, КазНУИ
Айман Мусақожаева ректорлық қызметті 200 мың долларға сатып алмақ болған / qazaqconcert.kz, бильд-редактор: Артур Алескеров

«Шабыт» ұлттық өнер академиясының ректоры болу үшін белгілі скрипкашы Айман Мұсақожаева өзін Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерінің туысымын деп таныстырған азаматқа қомақты қаражат төлеген. Бұл туралы Алмалы аудандық сотының құжаттарында жазылған.

Мәселенің мән-жайы

Алмалы аудандық соты жақында 37 жастағы Арман Тәженов есімді азаматына қатысты үкім шығарды. Бұл азамат өзін көпшілікке ҰҚК бастығының туысымын деп таныстырып, арам жолмен ақша табуды ойластырған. Тергеу мәліметінше, сотталушы азаматтарды жоғары лауазымды қызметтен дәмелендіріп келген. Оның қармағына бұрынғы ҰҚК қызметкері мен белгілі скрипкашы Айман Мұсақожаева да түскен. Тәженов срипкашыға «Шабыт» ұлттық өнер академиясының ректоры қызметін қайтарып беруге уәде берген. Бұрынғы орнына қайтуды ойлаған Мұсақожаева Тәженовке сеніп, қомақты қаражат бергені іс құжаттарында көрсетілген.

Алданған ҰҚК экс-қызметкері

Тергеу мәліметінше, Тәженов Семей қаласының тумасы. Өзінің алаяқтық қызметін 2024 жылдың көктемінде Шымкентте бастаған. Ол өзін көпшілікке Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының жиені ретінде таныстырып, ҰҚК Шекара қызметінің бұрынғы қызметкерін 10 мың долларға бұрынғы лауазымына қайтаруды ұсынған. Оған сенген шекара қызметкері куәгердің қатысуымен сұралған қаражатты тапсырған. Біраз уақыт өткен соң, Тәженов қосымша 2 млн теңге сұратқан. Алданған экс-қызметкер бұл талапты орындаған, алайда, уәде етілген жұмысқа сол күйі қайта оралмаған.

Айман Мұсақожаева қалай алданды?

Бір қызығы, Мұсақожаев алаяққа өзі шыққан. Тергеу мәліметінше, экс-ректор делдалдар арқылы Тәженовке шығып, 26 жыл басшылық еткен жайлы қызметіне оралғысы келетінін жеткізген. Бұл лауазымды орыннан артист 2024 жылдың басында кеткен болатын. Іс құжаттарында срипкашының күйеуі, меценат Асқар Бекбаев мәселенің жылдам шешілуі үшін алаяққа 200 мың доллар бергені айтылады. Тәженов алғашында бұл соманың жартысын алған. Артынша, тағы да 100 мың доллар сұратқан. Бұл соманың орнына Тәженовке Li9 көлігі берілген. Бірақ Мұсақожаеваға уәде етілген лауазымы қайтарылмаған. Еш нәтиже шықпайтынына көзі жеткен жәбірленушілер полицияға арыз түсіріп, 2024 жылдың қарашасында күдікті қамауға алынған.

Тәженовке қандай жаза тағайындалды?

Сотталушы өз еркімен көлікті қайтарып, жәбірленушілерге келтірілген барлық шығынды өтеп беріп, азаматтық талап арызды қараусыз қалдыруды сұраған.

Бірақ соған қарамастан сот процесі өткен. Сот барысында Тәженовтің кінәсі толық дәлелденіп, сот оның әрекетін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы – «Аса ірі көлемдегі алаяқтық» бабы бойынша квалификациялаған. Бірақ іс барысында Тәженовтің бұрын соттылығы болмағаны және кәмелетке толмаған балалары бар екенін ескерілген. Сонымен бірге жауапкершілік пен жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

«Жәбірленушілерге келтірілген залал өтелгендіктен, олардың сотталушыға шағымы жоқ. Сонымен қатар, оның жеке басын ескере отырып, сот Арман Таженовті қоғамнан оқшауламай түзеуге және қайта тәрбиелеуге болады деп санайды. Осыған орай, оған Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 63-бабын қолдана отырып, бас бостандығынан айырмайтын — шартты түрде жаза тағайындалады және бүкіл мерзімге пробациялық бақылау орнатылады», – делінген сот шешімінде.

Ал жақында күшіне енген «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңына сәйкес сот Тәженовтің негізгі жазасының бестен бірін қысқартқан. Солайша оған 4 жыл шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, сот залында қамаудан босатылған.

Сондай-ақ оқыңыз