
Америкалық әйгілі поп-тобы Backstreet Boys Астана мен Алматы қалаларында өтетін концерттері алдында қазақстандық тыңдармандарына дресс-код бойынша ұсыныс жасады. Ұйымдастырушылар шоу атмосферасын толық сезіну үшін көрермендерді ақ түсті киім киюге шақырып отыр.
Астана әкімдігінің ресми сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, бұл – топтың бүкіләлемдік турындағы ерекше стиль элементі. Ақ түсті киім – Backstreet Boys концертіне тән визуалды стильдің бір бөлігі ретінде таңдалған.
«Ұйымдастырушылар қазақстандық көрермендерді әлемдік трендке қосылуға және сүйікті хиттермен бірге жарқын 2000-жылдар атмосферасына енуге шақырады», – делінген хабарламада.
Backstreet Boys 2025 жылы Қазақстанда екі концерт өткізеді. 19 қыркүйекте топ Алматыдағы Орталық стадионда, ал 21 қыркүйекте Астанадағы Astana Arena кешенінде өнер көрсетеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл концерттерді өткізу туралы келіссөздер бір жылдан астам уақыт бойы жүргізілген.
Билеттердің бағасы 40 мың теңгеден басталады. Алматыдағы концертке билеттерді 14 шілде күні сағат 11:00-де Ticketon.kz сайтынан сатып алуға болады. Астанадағы концертке билеттер 15 шілдеден бастап қолжетімді болады.