Қазақстанда қызмет көрсетуі ең қымбат автокөлік маркалары қандай

Жарияланды
Қай көлікті жөндеу қымбатқа түседі?/Фото: REUTERS

Автокөлік сатып алу – бұл тек алғашқыдағы шығын ғана. Ең бастысы – автокөлікті күтіп ұстауға кететін ұзақ мерзімді шығындарды ескеру керек. Ол техникалық қызмет көрсету, жөндеу, қосалқы бөлшектерді ауыстыру және сақтандыру шығындары. Кейбір көлік брендтері өзгелерге қарағанда әлдеқайда көп қаржы талап етеді. Бұған қымбат бөлшектер, күрделі құрылым немесе арнайы мамандардың аздығы себеп.

Бұл ретте Kursiv.Media тілшісі YourMechanic, Consumer Reports, RepairPal және басқа да сараптамалық ұйымдардың мәліметтері бойынша қызмет көрсетуі ең қымбат автокөлік маркаларын шолып шықты.

Премиум санатындағы неміс көлігі

Қызмет көрсету құны ең қымбат көлік – BMW болып шықты. 1916 жылдан бері Германияда премиум санатындағы жеңіл автокөліктер шығаратын бренд автоларының шығыны көп. Бір көлікке 10 жыл ішінде орташа қызмет көрсету құны – 17 800 доллар тұрады.

YourMechanic зерттеуіне сәйкес, BMW – жаппай сатылатын маркалар арасында қызмет көрсетуі ең қымбат бренд.

Мұндай шығындардың негізгі себептері:

  • Күрделі электронды жүйелер. Қазіргі BMW модельдері көптеген датчиктермен, жүргізушіге көмекші жүйелермен және сандық басқару блоктарымен жабдықталған. Бұл жүйелерді диагностикалау мен жөндеу білікті мамандарды және арнайы жабдықтарды қажет етеді.
  • Бөлшектердің қымбаттығы. Неміс бөлшектері қытай немесе корей аналогтарынан әлдеқайда қымбат. Ал баламалы бөлшектерді пайдалану – кепілдіктен айырылу немесе жүйенің істен шығуына әкелуі мүмкін.
  • Жиі техникалық қызмет көрсету. BMW көліктері жиі май, сүзгілер және басқа да шығын материалдарын ауыстыруды талап етеді. Жүргізу кезінде тежегіш колодкалар мен амортизаторлар тез тозады.

Іскерлік кластың символы

Бұл Mercedes-Benz көліктеріне қатысты айтылған. 10 жыл ішінде орташа шығын – 12 900 доллар.
«Премиум» мәртебесіне қарамастан, бұл марканың көліктері тіпті жоспарлы техникалық қызметтің өзінде елеулі шығындарға алып келеді.

Неліктен қымбат?

  • Құрылымы күрделі. Mercedes көліктері пневмоподвеска, бейімделетін жарық жүйелері, электронды басқарылатын автоматты қораптар сияқты өзара байланысқан жүйелермен жабдықталған. Мұндай жүйелерді жөндеу үшін арнайы құрал-жабдық пен білікті мамандар қажет.
  • Жоспарлы қызмет құны жоғары. Қарапайым техникалық қызметтің өзі жапон маркаларына қарағанда әлдеқайда қымбат. RepairPal онлайн-сервисінің мәліметінше, Mercedes-Benz сенімділік бойынша орта деңгейден төмен бренд.

Келесісі америкалық люкс бренд

Бір көлігіне 10 жылдық қызмет көрсету құны – шамамен 12 500 доллар тұратын бренд – Cadillac. Ол америкалық люкс бренді. Басқа премиум көліктер сияқты, бұл марканы тізгіндеп, күтіп ұстау да арзан емес.

Негізгі себептер:

  • Турбо және V8 қозғалтқыштары. Мұндай қозғалтқыштар жоғары сапалы жанармай мен майды және техникалық қызметті жиі қажет етеді.
  • Беріліс қорабы мен электроника мәселелері. Cadillac иелері автомат қорап пен мультимедиа жүйесінің жиі істен шығуына шағымданады. Бұл бөлшектерді жөндеу қымбат және көбіне тек ресми сервисте ғана іскек асырылады.

Ең қауіпсіз көліктердің шығыны жоғары

Әлемдік қауіпсіздік рейтингінде қаншама жыл көш бастап келген Volvo автоларының да шығыны аз емес. 10 жылдағы орташа шығын – 12 500 долларға тең. Автосарапшылардың айтуынша, Volvo қауіпсіздік пен сенімділікпен танымал болғанымен, оның қызмет көрсетуі арзан емес.

Мұның себебі:

  • Сервистік орталықтар санының аз болуы. Әсіресе өңірлерде Volvo-мен жұмыс істейтін мамандар аз, бұл ресми сервистердің бағасын арттырады.
  • Импорттық бөлшектер. Қосалқы бөлшектер Еуропадан жеткізіледі. Кей елдерде олар апталап келеді, бұл тек бағаны емес, жөндеу уақытын да арттырады.

Шығыны көп тағы бір неміс бренді

Audi Volkswagen-ге ұқсас болғанымен, бренд көліктері технологиялық жағынан күрделірек және сол себепті қымбатқа түседі. Бір Audi-дің 10 жылдың ішіндегі орташа шығын – 12 400 долларды құрайды.

Негізгі шығын көздері:

  • quattro толық жетекті жүйелер. Мұндай жүйелерді жөндеу, әсіресе муфта немесе трансмиссия істен шықса, өте қымбат.
  • Шығын материалдары қымбат. Май, сүзгілер, тежегіш колодкалар – бәрі премиум деңгейде бағаланады.
  • Сервиске жиі жүгіну. RepairPal деректері бойынша, Audi сенімділік жағынан 5 балдан 3 ұпай ғана алған.

Британдық сапа көрсеткішінің символын тізгіндеу қымбатқа түседі

Land Rover мен Range Rover көліктерінің 10 жыл бойы қызмет көрсету құны – 12 000-14 000 долларға тең. Керемет дизайны мен жолы жоқ жерде жүретін қабілетімен танымал болса да, Land Rover техникалық тұрғыдан өте күрделі және жиі бұзылады.

Неліктен қымбат?

  • Сенімді көлік емес. J.D. Power мәліметінше, бұл бренд 100 көлікке шаққандағы ақаулар саны бойынша үнемі соңғы орындарда.
  • Күрделі аспа және электр жүйелері. Ең жиі бұзылатын бөлшектер – пневмоподвеска, толық жетекті жүйе және климаттық жүйе.

Неміс дәлдігімен жасалған спорттық көлік

Porsche брендінің қызмет көрсетуі де люкс санатына сай қымбат. 10 жылдағы орташа шығын – 11 800 долларға тең.

Негізгі себептер:

  • Тек ресми сервис. Porsche көліктерін көбіне тек авторизацияланған сервистерде жөндеуге болады. Себебі көптеген процедуралар арнайы жабдық пен дерекқорға рұқсатты қажет етеді.
  • Бөлшектері аз. Барлық бөлшектер Германиядан жеткізіледі. Мысалы, тежегіштерді ауыстыру бағасы Toyota-мен салыстырғанда екі есе қымбат болуы мүмкін.
  • Жиі ауыстыруды қажет ететін шығын материалдары қымбат. Май, сүзгілер, свечалар – бәрі жоғары жүктемеге арналған және бағасы да жоғары.

Бұл неге маңызды?

Көлік сатып аларда көпшілік тек бағаға қарайды. Алайда көлікті ұстау – бұл күнделікті шығын екенін ұмытпаған абзал. Себебі әр 10-15 мың шақырым сайын техникалық қызмет көрсету бар. Бұған қоса май мен сүзгілерді ауыстыруды атап өту керек. Тежегіш, дөңгелек, свеча секілді шығын материалдарын да есептеу маңызды. Ал сақтандыру мен салықтар бұл бір бөлек әңгіме. Түрлі жағдайларға тап болып, кепілдіксіз күрделі жөндеу жасату одан да қымбат. Мұның бәрі жүргізуші қалтасына салмақ салып, үлкен шығынға алып келеді.

Көлік аларда нені ескеру керек?

Бірінші, Consumer Reports, J.D. Power сияқты ұйымдардың сенімділік рейтингтерін қарап шығыңыз.

Екінші, қала немесе облысыңыздағы бөлшектер бағасын біліңіз.

Үшінші, қай жерде сапалы сервис бар екенін зерттеңіз.

Төртінші, көліктің жүрісін және шығарылған жылын ескеріңіз: неғұрлым көлік ескі болса, жөндеу соғұрлым қымбатқа түсетінін естен шығармаңыз.

Айта кететіні, осыған дейін Kursiv.Media тілшісі 2025 жылы автоиндустриядағы трендтер мен жаңа технологияларға шолу жасаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз