Қазақстан көрші елдермен шекарадағы 5 өткізу пунктін жаңғыртады

Қазақстан Қытай, Өзбекстан және Түрікменстан елдерімен шекарадағы 9 өткізу пунктін жаңғыртады. Бұл туралы Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрліктің хабарлауынша, бекеттердегі ескі инфрақұрылым толық жаңғыртылады. Жаңа нысандар халықаралық стандарттарға сай жаңғыртылып, көлік құралдарын сканерлеуге, тексеруге және автоматты өлшеуге арналған жоғары технологиялық жабдықтармен жабдықталады.
2025 жылдың басында халықаралық стандарт бойынша жаңғыртылған 4 өткізу пункті іске қосылған. Олар:
- Қытаймен шекарада – «Көлжат» және «Алакөл»;
- Өзбекстанмен шекарада — «Қапланбек» және «Атамекен» пункттері.
Ал осы жылдың соңына дейін «Қазығұрт», «Тәжен», «Темір баба», «Майқапшағай» және «Бақты» сынды бес өткізу пунктінде жаңғырту жұмыстары аяқталады.
«Жаңа пункттерде шекараны ыңғайлы және қауіпсіз кесіп өту үшін барлық жағдайлар жасалған», – делінген баспасөз хабарламасында.
Жүргізілген жұмыстар барысында қөлік қозғалысы жолағының саны 2-ден 6-ға дейін ұлғайтылған. Жүйе толық автоматтандырылғаны себепті кеденнен жүргізуші көліктен түспей өтеді. Нәтижесінде бір көліктің шекарадан өту уақыты орта есеппен 30 минутқа дейін қысқартылған.
Айта кетейік, мамыр айының ортасында Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан мен Өзбекстанд шекарасында орналасқан «Тәжен» өткізу пункті 4 айға жабылатынын хабарлаған болатын. Бұл шектеу өткізу пунктінде жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына байланысты енгізілгені хабарланды.