Газдандыру деңгейі 62,4 %-ға жетті – «QazaqGaz» есебі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешовті қабылдады. Кездесу барысында Мемлекет басшысына ұлттық компанияның атқарған жұмысының нәтижесі және саланың негізгі жобаларымен танысты.
Елдегі газдандыру деңгейі 62,4%-ға жетті
Компания мәліметінше, Қазақстандағы газдандыру деңгейі 62,4%-ға жеткен. Соңғы үш жылдың ішінде 1,7 миллионнан астам отандасымыз табиғи газдың игілігін көре бастады.
Ірі жобалардың бірі – Талдықорған – Үшарал магистралдық газ құбырының желілік бөлігінің құрылысын аяқталды. Бұл Жетісу облысындағы 66 елді мекенді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Өңірлердегі ауқымды инфрақұрылымдық жобалар
QazaqGaz басқарма төрағасы Бейнеу – Бозой – Шымкент магистралдық газ құбырының екінші желісінің құрылысы басталғанын хабарлады. Сондай-ақ Қашаған кен орнында сұйытылған мұнай газын тасымалдау және фракциялау зауытының іске қосылғанын атап өтті.
Бұдан бөлек, түркиялық ESTA компаниясының қатысуымен құны 1,35 миллиард АҚШ долларын құрайтын карбамид зауытының құрылысы бойынша инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
Ресей газының транзиті және газ құбырларын күрделі жөндеу
Санжар Жаркешов Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға жеткізілетін ресейлік газ транзитінің көлемі артқанын атап өтті. Бұл еліміздің өңірлік маңызды энергетикалық хаб ретіндегі рөлін нығайта түседі.
Сонымен қатар, «Орталық Азия – Орталық» магистралдық газ құбырына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Аталған жоба өңірлік энергетика саласындағы маңызды буын ретінде еліміздің рөлін арттыра түседі.
Кен орындарын барлау және саланы цифрландыру
Президент тапсырмалары аясында «Аққұдық» және «Солтүстік-2» учаскелері бойынша жер қойнауын пайдалану келісімшарттары жасалды. Сондай-ақ CNPC компаниясымен «Солтүстік-1» кен орнын барлау туралы келісімге қол қойылды.
Саланың цифрлық трансформациясы аясында компания қызметіне процестерді модельдеу және деректерді талдау үшін NVIDIA графикалық чиптеріне негізделген суперкомпьютер енгізілуде.
Президент тапсырмасы
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы жылыту маусымына дайындыққа, еліміздің газ саласындағы әлеуетін жоспарлы түрде нығайтуға қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.
Айта кетейік, Қазақстан Қытаймен бірлесіп Қарағанды облысында көмірден газ өндіретін көмір химия зауытын салады. Атап айтқанда жобаны QazaqGaz және Shandong Energy Group Co. компаниялары жүзеге асырады. Оның жылдық қуаты 2 млрд текше метрді құрайды.