Қазақстан азаматтығын алу үшін қазақ тілін білуге қойылатын талап өзгереді

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Шетел азаматтары қазақ тілінен кемінде 15 балл жинауы тиіс / Коллаж: kursiv.media архиві

Ғылым және жоғары білім министрлігі Қазақстан азаматтығын алу талаптарын жеңілдетуді ұсынды. Алдағы уақытта – қазақ тілінен білім деңгейі бойынша шекті балл төмендеуі мүмкін. Бұл туралы «Ашық НҚА» порталында жарияланған бұйрық жобасында айтылған.

Жобадағы өзгерістерге сәйкес, Қазақстан азаматтығын алу немесе қалпына келтіру үшін шетел азаматтары қазақ тілінен кемінде 15 балл жинауы тиіс (бұрын – 36 балл), Конституция негіздерінен – 20 балл (бұрын – 9 балл), ал Қазақстан тарихынан бұрынғыдай 15 балл жинау қажет. Жаңа талаптар әр пән бойынша сұрақтар санын теңестіріп, жалпы өту балын 10%-ға төмендетуді көздейді.

«Жоба қабылданса, Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға үміткерлерді тестілеу кезінде пәндер бойынша сұрақтардың санының барынша тең үйлесімін қамтамасыз етуге және өту шегін 10%-ға төмендетуге мүмкіндік береді», – делінген құжаттың түсіндірмесінде.

Министрлік бұл өзгерістер елдің ұлттық қауіпсіздігіне әсер етпейтінін және жағымсыз салдарға әкелмейтінін атап өтті. Жеңілдетілген талаптар шетелдіктерге тестілеуден өтуді жеңілдетіп, білімді бағалауда тең әрі әділ тәсілді сақтауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Қазақстанда ел азаматтары мен шетелдіктерді тіркеудің жаңа ережесі бекітілді. Ішкі істер министрлігі халықты құжаттандыру және тіркеу мәселелері бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсету қағидаларына толықтырулар енгізді.

Сондай-ақ оқыңыз