Райымбек ауданының тұрғындарды не себепті жолды жапты

Журналист Мақпал Шадан демалыс күндері жолдың жайын даулаған Алматы облысы Райымбек ауданының тұрғындары Кеген-Нарынқол тас жолын жапқанын хабарлады. Кейін жол ашылып, қозғалыс жанданған. Алайда мәселе қоғамдық назарды қажет етеді дейді Райымбек аудандық мәслихатының депутат Бекжан Жүнісов.
Жабуға дейін әкелген жолдың жыры
Бекжан Жүнісов Райымбек ауданының тұрғындарын республикалық маңызы бар «Кеген – Нарынқол» автомобиль жолының 37-74 шақырымы әбден шаршатқанын айтады. «Жол жөнделеді» дегенді естіген жергілікті халық жұмыстың басталуын тағатсыздана тосады. Алайда көктем өтіп, жаздың ортасы жақындаса да жұмыс басталмайды. Бұл тұрғындардың мазасын қашырады. Ол жақта күн ерте суытатындықтан, қысқа дейін үлгермей қала ма деп уайымдайды.
Оның айтуынша, о баста жұмыс «мамыр айында басталады» делінген. Кейін «әне, мінемен» маусымға жылжыған. Сосын «шілдеде бастаймыз» деп айтқан. Жұмыстың мерзімі жылжи бергенінен шаршаған жұрт ақыры жолды жапқан.
Жұмыс неге кешігіп жатыр
Бекжан Жүнісов жөндеу жұмысының кешігуін мердігерлердің ауысуынан көреді.
«Жөндеу жұмысына республикалық бюджеттен 8 млрд теңге бөлінген. Бізге бұл қаражатты бөлдірту оңайға соққан жоқ. “ҚазАвтоЖол» мен «Нұрлы Жол-7» компаниясы арасында шарт жасалады. Алайда «Нұрлы Жол-7» «Ақ Жол» деген екінші мердігермен шарт жасасыпты. Жөндеу жұмысын көшіктіріп жатқан осы компания”, – дейді Бекжан Жүнісов.
Оның айтуынша, мердігер кешіктіргенінің себебін асфальт жасайтын шағын зауыттың құрылысы бітпей жатқанымен түсіндірген.
Мәслихат депутатының сөзінше, демалыс күнгі халық толқуынан кейін мердігер жұмысты осы апта, үлгерсе күні ертең бастауға уәде берген.
KursivMedia тілшісі мәселеге қатысты пікір білдірууін сұрап Райымбек аудандық әкімдігіне жүгінген. Мақала шығып жатқан кезде әкімдіктен жауап келмеді. Келіп жатса, мақалаға қосылады.