Қытайда құнын жақсы сақтайтын көліктер рейтингі жасалды

Қытайлық автомобиль дилерлері қауымдастығы (CADA) құнын жақсы сақтайтын көліктер рейтингін жасады. Зерттеу шыққанына 3 және 1 жыл болған көліктерге жүргізілген. Зерттеу нәтижесін «Қытайлық автомобильдер» порталы жариялады.
Зерттеу барысында CADA үш жыл ішінде құнын аз жоғалтатын көлік түрі минивэн екенін анықтаған. Олар бастапқы бағасының 59,42%-ын сақтайды. Екінші орында – ірі седандар (55,95%), үшінші орында – ірі жол талғамайтын көліктер (SUV) (55,69%). Ал құны ең көп төмендейтін көліктерге шағын көліктер (48,92%) мен шағын кроссоверлер (49,15%) енген.
Құнын жақсы сақтайтын бренттер
Үш жылдық көліктер сегментінде күтпеген жағдай тіркелмеген. Үздік үштікке импорттық Porsche, Lexus және Mercedes-Benz кірген. Олар бастапқы құнының 69,08%, 60,51% және 59,34%-ын сақтайтыны анықталған. Ал топ-10 қатарына кірген жалғыз қытайлық бренд – GAC, оның көліктері бастапқы құнының 57,29%-ын сақтайды.
Үздік ондықтан ары қарай қытайлық және шетелдік брендтер арасындағы бәсеке күшейген. Қазақстанда сатылатын Tank бренді 12-орында, оның көліктері 3 жылда орта есеппен 57,04% құнын сақтайды. 13 және 14 орындарда туыстас Lynk & Co (54,58%) және Geely (54,56%) тұр. Олар SAIC Volkswagen, BMW Brilliance және Subaru брендтерін басып озған. 20-орынға Haval (53,52%) жайғасқан.
Changan бренді 22-орында (52,49%) болып, Yueda Kia-ны артта қалдырған. Chery 31-орынға жайғасқан, оның көліктері 3 жылда бастапқы құнының 51,03%-ын сақтайды.
Рейтингтің соңғы орындарын қытайлық емес брендтер иеленген. Олар: Mitsubishi (46,73%), Chevrolet (43,58%) және Infinity (39,41%). Nissan-ның люкс бағыты саналатын Infinity-дің Қытайдағы беделі нашар. Бұл жапондық бренд болғанымен, оның көліктері сенімсіз деп есептеледі. Сондықтан Infinity көліктерінің қайталама нарықтағы бағасы тез төмендейді.
Үш жылда құнын мейлінше сақтайтын модельдер
Үш жылда ең жоғары қалдық құны бар нақты модельдерде де тосынсый болған жоқ. Рейтинг көшбасшылары: импорттық Mercedes-Benz G-Class (87,60%), Lexus LM (77,06%) және Toyota Alphard (76,62%). Қытай көліктері алғашқы 15 орынға мүлде енбеген.
Қытайлық модельдер арасында үздік нәтижеге рамалық жол талғамайтын Tank 300 қол жеткізді. Бұл көлік Қытайда үш жылдан кейін бастапқы бағасының 64,57%-ына сатылады. Tank 300 17-орында, ол Lexus ES пен Honda Odyssey-ден жоғары тұр.
Тағы бірнеше ескеруге тұрарлық модельдер:
- Geely Monjaro – 43-орын (58,49%)
- Changan Uni-T – 58-орын (56,60%)
- Geely Atlas – 60-орын (56,56%)
- Tank 500 – 67-орын (55,88%)
- Haval H9 – 73-орын (54,82%)
- GAC GS3 – 74-орын (54,80%)
- Changan CS35 Plus – 80-орын (54,28%)
- Changan Uni-V – 81-орын (54,27%)
- Chery Arrizo 8 – 85-орын (53,43%)
- Hongqi H9 – 87-орын (52,73%)
- Changan Uni-K – 88-орын (52,45%)
Exeed VX үш жылда орташа есеппен бастапқы бағасының 46,72%-ын сақтап, 97-орынды иеленген.
Бұған дейін, такси қызметінде танымал 8 млн теңгеге дейінгі қытай көліктері туралы жазғанбыз.