Астанадағы LRT-ны басқаратын компанияның шығыны бір жылда 9 есе өскен

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Астана қаласының қоғамдық көлік жүйесін басқаратын City Transportation Systems LLP компаниясы 2024 жылы 41,2 млрд теңге шығынға батты. Бұл 2023 жылғы 4,6 млрд теңгемен салыстырғанда 8,9 есе көп. Ал 2024 жылғы есеп беру күнінде жинақталған шығын 213,5 млрд теңгеге жеткен.

Қаржы есебінде шығын артуының басты себебі ретінде валюта бағамының теріс айырмасы мен активтердің құнсыздануы көрсетілген.

2023 жылы компания шетел валютасы есебінен 4,6 млрд теңге пайда көрсе, 2024 жылы, керісінше, 33,5 млрд теңге көлемінде зиян шекті. Бұл – бүкіл операциялық нәтижеге тікелей әсер еткен негізгі факторлардың бірі. Яғни, доллар/евро секілді валюталардағы қарыз, төлем немесе міндеттемелер теңгеге шаққанда қымбаттап, компания қомақты шығынға батқан.

Сонымен қатар, активтердің құнсыздануы да 6,5 млр теңге шығын әкелген.

Жалпы алғанда, компанияның жалпы қаржы түсімі 2023 жылмен салыстырғанда сәл төмендеді: 8,8 млрд теңгеден 8,2 млрд теңгеге дейін азайған. Алайда жалпы пайда 2023 жылдағы 591 млн теңгеден 2024 жылы 732 млн теңгеге дейін өсті. Бұл оң өзгеріс өнімнің өзіндік құнының біршама төмендеуінен болған. Дегенмен, жалпы пайданың өсуі компанияны шығыннан құтқаруға жеткіліксіз.

Операциялық шығын да айтарлықтай артты. Мәселен, жалпы және әкімшілік шығын бір жылда 1,17 млрд теңгеден 1,45 млрд теңгеге дейін ұлғайса, сату шығындары 793 млн теңге шамасында сақталды. Бұл да таза табысқа кері әсер етті.

Қаржы кірісі 2024 жылы 1,89 млрд теңге түскен, бұл өткен жылмен салыстырғанда сәл аз. Алайда қаржылық шығындар, яғни кредит gен басқа да міндеттемелер бойынша төлем 1 млрд теңгеден асқан.

Аудиторлар қарызға батқан компанияның болашағына қауіп төніп тұр деген түжырым жасаған. Алайда Астана қаласындағы жалғыз қоғамдық көлік операторы екенін, жылжымалы құрамды жаңарту, басқа да ірі жобаларға қатысатынын, одан бөлек, 2022 жылы республикалық бюджет есебінен LRT құрылысы басталғанын ескере отырып, бұл қиын жағдайдан әупірімдеп шығуы мүмкін.

City Transportation Systems LLP құрылтайшысы – «Астана қаласының Көлік және жол‑көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесі.

Қазіргі кезде LRT рельс жолының 80%-ы төселген.

Сондай-ақ оқыңыз